Фото: Әділбек Самаликов

Тараз. 77news — Айша бибі ауылынан солтүстік батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан Әулиебастау көліне барар жолдың сын көтермейтіндігі туристер үшін үлкен қолайсыздық туғызатын. Жуырда «ЖамбылДорМостСтройСервис» ЖШС Әулиебастау көліне апарар 1,7 шақырым жол құрылысын аяқтады. Оған жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге бөлінген. 

Фото: Әділбек Самаликов

-Әулиебастау — туристер үшін облысымыздағы тартымды нысандардың бірі. Мұнда адамдар жылдың төрт мезгілінде де келіп жатады. Тарих пен тамаша табиғатқа тұнып тұрған мекенге біреулер тәу етіп барса, енді бірі тарихы мен аңызына қызығып барады. Бұл жер көне қала орны болып саналады, сондықтан мемлекеттің қорғауына алынған. Көл суының емдік қасиеті де жергілікті жұртшылық арасында кеңінен тараған. Туризмнің күретамыры саналатын жолдың төселуі енді мұнда келушілер қатарын арттыратынына сенімім мол, — дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова. 

Фото: Әділбек Самаликов

Әулиебастау көне қала орнын алғаш археологтар Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич зерттеген. Қаланың қазіргі сақталған орны тік төртбұрышты, ұзындығы батыстан шығысқа қарай 400 м, ені солтүстіктен оңтүстіке қарай 140 м, биіктігі 9 м. Үстінде жұмыртқа тәрізді екі төбе бар. Оның біріншісі батыс жағында, көлемі 105х87 м, екіншісі шығыс жағында, көлемі 100х120 м. Құрылыс сырты топырақ дуалмен қоршалған, ортасында аумағы 20 м2 үйдің орны сақталған. Шығыс жағындағы орталық қорған ірі тастардан қаланған.

Қаланың оңтүстік-батыс жағындағы жарылған жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақ суынан қала түбінде аумағы 100 м2 көлшік пайда болған. Ақсу өзені осы көлден бастау алады. Жергілікті халық бұлақты Әулиебастау деп атайды. Қала жұртынан жинастырылған қыш ыдыстардың жасалуына қарап, ғалымдар қала Қарахан әулеті заманында (Х — ХІІ ғасыр) болған деп тұжырымдайды. Бұлақтағы су жыл бойы +16 градус тұрақты температураны ұстап тұрады. Су құрамын өмірге қажетті 17 түрлі минералды микроэлементтер: магний, калий, йод т.б құрайды.

Қысқасы, Әулиебастау – біз үшін Тәңірдің өзі сыйға тартқан тамаша мекен. Алайда қала іргесіне тиіп тұрған осынау көл келбетін көрмеген жандар жетерлік. Ендігі жерде Әулиебастаудың тарихы мен аңызына қанығып, дертке дауа, емге шипа суынан дәм татқыңыз келсе тақтайдай тегіс жол Сіздің еншіңізде!