Тараз. 77news — Жамбылдық кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық. Туризм бизнесімен айналысуға ниет білдіргендерге ендігі жерде жеңілдетілген несие алуға мол мүмкіндіктер бар, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Туризмнен түсетін табысты арттыру үшін осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатарын көбейтуіміз қажет. Себебі кез келген кәсіпкердің көздегені өз бизнесін өркендету ғой. Ал бизнестің қай түріне болсын ең басты қолдау қаражат мәселесі екендігін мен кәсіпкерлік саласындағы көп жылғы тәжірибемнен жақсы білемін. Сондықтан да облыс әкімінің қолдауымен туризмді дамытудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде төмен пайыздық несиені қолға алып отырмыз,- дейді облыс әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова. 

Бұл жұмыстар «Береке -3» шағын және орта бизнесті дамытудың өңірлік бағдарламасы негізінде жүзеге аспақ. Бағдарлама аясында облысымыздағы туризм саласын дамытуға 250 миллион теңге қарастырылған. Қаражат облыстық туризм басқармасы жасаған ішкі және кірмелі туризмді дамыту картасында бекітілген. Аталмыш бағдарлама арқылы несие алу өте тиімді. Ниет білдірген кәсіпкерлер жеңілдетілген несиені 8,5 пайызбен бес жылға комиссиясыз рәсімдей алады. Өтініштерді қабылдау екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Бүгінгі таңда экономикалық қызметке туризмнің 14 түрі енгізілген. Яғни туризмнің туристік фирма, қонақ үй, демалыс және ойын-сауық орталықтары, қоғамдық тамақтандыру, спорт кешендері, балалар лагері, сауықтыру орталықтары және тағы басқада кәсіп түрлерін ашамын деушілер аталған бағдарлама арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады.