Бүгін ҚР мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Жамбыл жеріне жұмыс сапарымен келді.  Іссапар барысында ол өңірде құрылған ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының салтанатты ашылуына қатысты.

Фото: Әділбек Самаликов

Аймаққа арнайы іссапармен келген Алик Шпекбаев Мемлекеттік басқару академиясының тыныс-тіршілігімен танысты.  Академияның өңірлік филиалында 1 жарты жылдықта 300-ге жуық тыңдаушы қайта даярлаудан өткен. Ал қазіргі таңда 52 мемлекеттік қызметкер қайта даярланып жатыр. Орталық жұмысын көзбен көрген агенттік төрағасы ғимараттың материалдық-техникалық базасына оң бағасын берді.

Фото: Әділбек Самаликов

Мұнан соң Алик Жатқанбайұлы «Кәсібилендіру мемлекеттік қызметті дамытудың маңызды факторы ретінде: аймақтық контекст» атты аймақтық семинар-кеңесіне қатысты.  Жиын барысында аймақ басшысы Асқар Мырзахметов мұндай семинарларды аудандарда көптеп ұйымдастыруды, тіпті пилоттық жоба ретінде іске асыруды ұсынды.

Фото: Әділбек Самаликов

Бұдан бөлек, сапары аясында Алик Шпекбаев облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның жеке құрамымен кездесіп, жұмысымен танысты. Сонымен қатар,  Тараз қаласындағы Достық үйінде болып, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен де жүздесті.