Тараз. 77news — Туристерді қабылдауға Жамбыл жұрты тас-түйін дайын. Қонақтарға 8 туристік бағыт бойынша 33 тарихи нысан әзірленіп қойылды. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Ақыртас» сарай кешені мен Берікқара шатқалында орналасқан ежелгі қорымдар бар, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.  

Ақыртас сарай кешені Тараз қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. Қызыл түсті тастан қаланған тарихи нысан жайлы алғашқы дерек Қытай қолжазбаларында кездеседі. Барлығы мұнда 70-ке жуық түрлі бөлмелердің орны қалған. Мамандардың мәліметінше, құрылыс жұмыстарының басталуы 8 ғасырға тиесілі. Мұндай сәулет өнерінің ерекше көрінісі Қазақстанды былай қойғанда, тіпті Орталық Азияда кездеспейді.

Кешеннің көп ғасырлық келбетіне өңір басшысы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы Алик Шпекбаев та көз жеткізген еді. Талай тарихшыларды таңдай қақтырған нысанды қонақтар да аралап, көзбен көріп, өткеннің өнегесін өресіне тоқыды.