Фото: Қазақпарат

Тараз. 9 қараша. 77news — Осы жылдың 11 – 14 қарашасында Таразда  «»ANCIENT TARAZ 2017″» халықаралық туристік форумы өтеді. Шараға Қытай, Корея, Малайзия, Германия, Ресей, Қырғызстан және басқа да елдерден 350-ге жуық өкіл қатысады.

Форумның негізгі мақсаты — өңіріміздің туристік потенциалын көпшілікке танымал ету,  өңірімізге келушілер санын көбейту. Шетелдік қонақтардан бөлек Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінен, облыс әкімдіктерінен, сол сияқты туризм саласына қатысы бар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарынан өкілдер, журналистер мен блогерлер қатысады.

Шара барысында республика көлеміндегі және Жамбыл облысындағы туризм мен қонақ үйлер дамуы тақырыбы төңірегінде дискуссиялар мен тұсаукесерлер өткізіледі. Сондай-ақ, форум аясында «Қазақстанның Ұлы Жібек жолы бойына саяхат» халықаралық фестивалі мен «TARAZ FASHION DAY» шарасы, қытайлық және отандық туроператорларға арналған ақпараттық турлар ұйымдастырылмақшы.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 2018-2022 жылдарға арналған туризмді дамыту тұжырымдамасы жасалады. Жамбыл өңірі ішкі, сондай-ақ, халықаралық туризмді дамытуға мүмкіндігі зор аймақ. Кезінде Жамбыл арқылы Ұлы Жібек жолының бір бөлігі өткен (Сайрам — Тараз — Ақшолақ — Ақыр төбе — Құлан — Меркі — Шу — Аспара — Қордай), мұнда тарих пен мәдениеттің қызықты ескерткіштері қалған, олардың бесеуі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасы тізіміне енгізілген.