Тараз.77NEWS- 19 қазан, сағат 11.00-де Тараз қаласындағы «Достық үйінде» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасайтын «Ұлы дала рухы» атты іс-шара өтеді,деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Іс-шара аясында республикаға танымал белгілі иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» атты көрмесі, сондай-ақ, облыстық деңгейдегі БАҚ-тардың көрмесі ұйымдастырылып, облыстағы фотографтардың фотокартиналары назарларыңызға ұсынылады.

Іс-шара концерттік және шоу бағдарламалармен сүйемелденіп, республикаға танымал айтыскер Рүстем Қайыртайұлы мен жамбылдық жас ақын Дархан Әбдіманаптың арасындағы жекпе-жек айтыспен жалғасады. Сонымен қатар рухты әндерімен барша қазақ тыңдармандарының жүрегін жаулаған «Алашұлы» тобы Тараз төрінде өнер көрсетіп, Ғани Мәтебаев, Жазира Сметова және Ербосын Қасымбек секілді елімізге танымал тараздық әншілер де келген қонақтарды әнімен қошеметке бөлейді.

Шараны ұйымдастырушы Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникацияар қызметі.

Шараны тамашалаймын, қатысамын деушілер үшін есігіміз ашық!