Тараз.77NEWS- Тарихи шаһарда еліміздегі ең ұзын  субұрқақ соғылуда. Ол «Желтоқсан толқыны» саябағында орналасқан. Айта кетейік, мұндай  субұрқақ осыған дейін Қазақстанның  ешқандай жерінде  салынбаған,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Өңірдегі ауа-райының суықтығына қарамастан, құрылысшылар жұмысы қарқынды. Шаһарымыздың шырайын келтіретін субұрқақ қала күніне орай дайын болуы тиіс. Жобаның жалпы ұзындығы 220 метр.  Жауаптылардың айтуынша, субұрқақ тек қана Жамбылдықтарды емес, келген барша қонақтарды таңғалдырары анық. Айта кетейік, бұл жобаға 240 млн теңге бөлінген. Қазір мұнда 50 қызметкер   жұмыс істеуде.

«Желтоқсан толқыны» саябағында ұялы телефондарды қуаттайтын ІТ- отырғыштар орналастырылады.  Қуаттайтын тоқ қатты дауылға да дес бермейді. Сонымен қатар  қанатты тұлпарлардың, қыран құстардың және басқа да жануарлардың мүсіндері қойылады. Жергілікті  тұрғындар теңдесі жоқ жобаның аяқталуын күтуде.

Құрылыс қыркүйек айының басында басталған. Енді қала күніне дейін аяқталады деп күтілуде.