Тараз.77NEWS — Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен «Ұлы дала рухы» фестивалі өтіп жатыр,- деп хабарлайды 77news.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі.

Фестивалдің мақсаты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізінде Жамбыл облысының тұрғындарына арналған рухани-мәдени іс-шаралар топтамасын ұсынып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттап, құндылықтарымызды дәріптейтін көрмелер ұйымдастыру. 

«Достық үйінің» бірінші қабатында Астанадан арнайы келген   иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафаның туындылары мен БАҚ  фототілшілерінің сурет көрмелері қойылды. Сонымен қатар хештег рамкасымен «Таразға тілек» фотобұрышы ұйымдастырылған. «Таразға тілек» фотоальбомына тілек жазып, суретке түскен жандарға «Ұлы дала рухы» іс-шарасының арнайы сыйлықтары  беріледі. Аталған шараға жиналған жұртшылыққа насихатшылар тобы «Жамбылдағы — Рухани жаңғыру» атты ақпараттық брошюраларын таратылды.

Сондай-ақ «Ұлы дала рухы» іс-шарасының концерттік бағдарламасы ұсынылады. Кеште  «Алаш ұлы» тобы, Ғани Мәтебаев, Жазира Сметова, Ербосын Қасымбек сынды әншілер ән шырқайды. Ал республикаға танымал айтыскер ақын Рүстем Қайыртай мен Әулиеатаның тумасы Дархан Әбдіманаттың арасында жекпе-жек айтыс өтеді деп күтілуде. Бұдан бөлек тараздық жас ақындар Жанғазы Ахмет, Нұрболат Жолдасбекұлы, Данияр Әлімқұл жыр сүйер қауымға өлең шумақтарын арнайды.