Тараз.77NEWS- Бүгін облыс әкімдігінің баспасөз орталығында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбековтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлаудың өткенін айтты,-деп хабарлайды 77news.kz. ақпарат агенттігінің тілшісі.
М.Сарыбековтың айтуынша сайлау Жамбыл облыстық мәслихатын сайлау жөніндегі №17, Қордай аудандық мәслихатын сайлау жөніндегі №8 және №13, Мойынқұм аудандық мәслихатын сайлау жөніндегі №11 сайлауокругтері бойынша өткен.
Жоспар бойынша 2018 жылғы 28 тамыз бен 28 қыркүйегі аралығында кандидаттарды ұсыну жүргізілді. Облыстық мәслихат депутаттығына 3 кандидат, Қордай аудандық мәслихатына екі сайлау округы бойынша 6 кандидат, Мойынқұм ауданы бойынша 3 кандидат тіркелген. Кандидаттардың 4-і «Нұр Отан» партиясымен, қалған 8 кандидат өзін өзі ұсыну жолымен ұсынылғандар.
Сайлау қорытындысы бойынша, №17 сайлау округы бойынша облыстық мәслихат депутаты болып «Аltais Group» ЖШС бас директоры Жұмабаев Әлімбек Әсембекұлы, №8 сайлау округы бойынша Қордай аудандық мәслихатының депутаты болып №3 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әлімжанов Ғалым Бекмурзаұлы, №13 сайлау округы бойынша Қордай аудандық мәслихатының депутаты болып «Береке» гуманитарлық-техникалық колледж директоры Сүлейманқұл Ержан Каріғүлұлы, №11 сайлау округы бойынша Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты болып В.Терешкова атындағы орта мектеп директоры Сәлібеков Абзал Мархабайұлы сайланды.
Сайланған кандидаттардың барлығы «Нұр Отан» партиясымен ұсынылған. Сайлау күні барлығы 43 байқаушылар — саяси партиялардың, БАҚ өкілдері және кандидаттардың сенім білдірген адамдары сайлау процесін бақылады. Бүгінгі күнге сайлау туралы заңнамаларды бұзу фактілері бойынша арыз-шағым түскен жоқ. Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмысы заңнамаларға сай жүргізілді.
Баяндамашы брифингке қатысушы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.