Тараз. 13 қараша. 77news — Таразда «ANCIENT TARAZ -2017» алғашқы Халықаралық туристік форумы өз жұмысын бастады. Басты мақсат — көне шаһарға шетелдік және қазақстандық туристерді барынша көбірек тарту. Бұл басқосуға алыс-жақын шет елдің туристік компаниялары мен турфирмаларының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, форум барысында бірқатар өңіраралық байланысты нығайту туралы келісімдер жасалды. 

Бұл форумды ұйымдастырушылар — Жамбыл облысының әкімдігі. Халықаралық туризм форумы үшін облыстық бюджеттен 25 миллион теңге бөлінген. Аталған шара аясында өзге өңірлерден келген қонақтарға ақпараттық турлар ұйымдастырылды. Сондай-ақ тематикалық шеберлік сағаттары, қолөнершілер көрмесі және «b2b» халықаралық және отандық тур-компания өкілдерімен келелі кездесу өтті.  Бүгінде Тараз қаласын тек Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге әлемдегі көне қалалардың қатарына қосуға болады.  Жалпы өңірдегі тарихи орындардың саны 3000-нан асып жығылады.  Бір күнде мұның бәрін аралап, танысып шығу мүмкін емес. Сондықтан шетелдік қонақтар үшін  3 күндік ақпараттық тур бағдарламасы ұйымдастырылған. Тиісінше осы уақыт ішінде туроператорлар өңірдің бірнеше  жерлерін көріп шықты. Ендігі мақсат, туристік өнімді қалыптастыру және оны өз клиенттеріне ұсыну.

«Ancient Тaraz – 2017» Халықаралық туристік форумы аясында бірқатар келісімдер жасалып отыр. Мәселен, Украина, Түркия және Әзірбайжан елінің туристік компанияларымен өңіраралық байланысты нығайту туралы меморандумдарға қол қойылды. Енді алға қойылған жоспарлар жүзеге асар болса, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артпақ. Яғни, бұл шараның шарапатын өңір тұрғындары көреді деген сөз. Ал, шет елдік мамандар, тасын түртсең тарихынан сыр шертетін шаһардың 2000 жылдық тарихының өзі бренд деп баға беріп отыр.

Сондай-ақ, бірінші халықаралық туризм форумы аясында көпшілік назарына көрме ұсынылды. Онда жамбылдық туристік агенттіктер, қонақ үйлер, мейрамханалар мен қолөнершілер өз өнімдерін көрсетті. Түрлі тауарлар арасында  Тараздың логотипі белгіленген ағаш, тері, жібек пен киізден жасалған бұйымдар баршылық.

Туристік форум қатысушыларға тақырыптық  шеберлік сағаттарын өткізу үшін   отандық және шетелдік сарапшылар шақырылыпты.  Аталмыш іс шара кезінде «экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдары мен стандарттары», «турөнімдерді қалыптастырудың заманауи әдістері» сынды тақырыптар көтерілді.

Естеріңізге сала кетейік, «ANCIENT TARAZ -2017» туристік форумына, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия және Ресейдің туристік компанияларының, бизнес өкілдері қатысуда.