Тараз.77NEWS — Таразда «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы аясында робототехникадан тегін курстарға қабылдау жүріп жатыр,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Курс 10-14 жас аралығындағы жетім және жағдайы төмен отбасы балаларына арналған. Сабақтар «Нұрғиса Тілендиев атындағы көп балалы және аз қамсыздандырылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернатында өтеді. Үйірмені «Назарбаев зияткерлік мектебінің» информатика пәнінің мұғалімі жүргізеді. Естерңізге сала кетейік «Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы – бұл Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Жобаны үйлестіру агенттігі жүзеге асырады.

Жоба Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды.Мақсаты — жастарды қоғамдастықтың өміріне тарту, сондай-ақ, қоғамдастықтың игілігі жолында қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту арқылы өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту.

Жобаны іске асыру облыстары аумағында тұратын, 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатысады.Жобада оқымайтын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастарға басымдықтар берілген.

«Қазіргі таңда робототехника курстары сұранысқа ие, ал оған баруға көптеген оқушылардың шамасы келе бермейді.Сондықтанда бұл оларға таптырмас мүмкіндік дейді»,- жоба грантының иегері Күннұр Иманалиева.