Тараз.77NEWS — Тараз қаласында жолаушы тасымалдаумен айналысатын мекеме басшылары жол жүру тарифін көтеру бойынша ұсыныс білдірген. Алайда ұсыныс негізінде нақты шешімдер қабылданған жоқ. Алдымен жолаушылар айналымын айқындау мақсатында хронометраж жүргізілетін болады. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жәнібеков мәлімдеді,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қоғамдық көлік бағасының қымбаттауы. Бұл жалпы жаяу жұртшылыққа жағымсыз жаңалықтың бірі екені белгілі. Әрі әлеуеті басқа өңірлерден төмендеу әулиеата өңірі үшін 90 теңгенің желідегі жаңалығы  тұрғындарға тас төбеден жай түскендей жайт болды. Өткен жылы жол ақысы 55 тенгеден 65-ке артқанда, халық қолдаған-ды. Ондағысы бағамен қоса қоғамдық көліктегі сапаның артама деген сенімі. Деседе, арадан аттап жыл өтті. Алайда Автобустардың халыққа қызмет көрсетер жағдайы анау айтқандай  жақсармаған. Ендігі жол ақысының тағы 25 тенгеге артады деген ақпары, 2 күннен бері халықты әлеуметтік желіде әурелеп отыр.

Әлеуметтік мәселенінің маңыздылығы мінгерге жеткен екен. Бүгін облыс басшылығы аталған мәселеге орай баспасөз мәслихатын арнайы өткізді. Облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі басқармасы басшысының айтуынша жолақыны жоғарылатуды тасымалдаушы компаниялар сұрап отыр.  Автопаркті жаңартуға қаражат қазіргі тарифпен жетпейтін көрінеді. Әрі жанар май бағасы былтырғы жылға қарағанда 30 пайызға жоғарылаған. Дегенмен, сұрай салды екен деп бағаны бір күнде жоғарылатпаймыз дейді басшы. Әкімдік алдымен шаһардағы жолаушылар ағымын зерделемек. 2 ай ішінде жұмыспен қамту орталығына тіркелген тұрғындарды тарта отырып, жолаушылар айналымын анықтайды. Бұл зерделеу қаладағы 43 бағыттағы 459 автобустың барлығын қамтымақ.

Мамандар жолақының жыры жыл соңында белгілі болады деп отыр. Оның өзінде қандай да өзгеріс енсе, соған сәйкес автопарктерге міндет бекітіледі. Әрі олардың тазалығы, қызмет көрсету сапасы жүру жиілігі де жіті бақылауда болмақ. Одан өзге, цифрлы Қазақстан бағдарламасы аясында электронды билеттер де орнатылады деп күтілуде.