Тараз.77NEWS- Жамбылдық жазушы Болат Бекжанов  биыл 60 жаста. Журналистика саласының саңлағы  Талас ауданында туылып, жастайынан жазу өнеріне жақын болған жан. Қазір азамат меңзеген мақсатының шыңында жүр. Еңбек жолын актёрлықтан бастаған жазушы араға жыл салып, сол театрға басшы болып оралады.  Журналистика мен  әдебиет әлемінде өзіндік  қоржын жинаған жазушы,  облыстық «Арай» газетінің де тынысын ашады. Алғашқы бас редактор болып, баспасөз бетінен бірсыпыра мәселелерді көтере білді.

«Құс қанатындағы сағынышын» арқалаған азамат поэзиядан пәрмен алып жүргендердің қатарында да бар. Жазушының «Шымылдықтың арғы жағы», «Үйші», сондай-ақ «Бестамнан жаяу барып, Берлинді алған» секілді шығармалары оқырманның ықыласына оранған.   «Тұғыры биік, тұрпаты бөлек тұлға тек бұл жағынан емес, ақырын жүріп анық басар адами қасиетімен де дараланады»,- дейді әріптестері.

Өз оқырмандарына Болат Бекжановтың жаңалығы бар. 9-қараша күні жазушының театрда мерейтойы тойланады. Айта кетейік онда, туған күн иесінің  бүкіл өмірін суреттейтін шығармаларынан қойылым қойылады. Сондай-ақ 6 томдық кітабының тұсаукесері өтеді.  Жазушы Жамбылдық жұртшылықты  өзінің қуанышын бөлісуге шақырады.