Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти Серікбай қажы Ораздың Жамбыл облысындағы 2 күндік сапары барысында, Қордай ауданы, Масаншы ауылындағы «Қордай» медресесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті,-деп хабарлайды 77 news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі zhambylnews АА сілтеме жасап.

Медресенің ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Алау Әділбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы Данияр Жұмабаев және аудан имамдары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында Серікбай қажы Ораз бен Жангелді Омаров құттықтау сөзін арнап, жас буынның игіліне ашылып жатқан оқу орталығының қызметіне табыс тілеп, алдағы уақытта шетелдік күмәнді діни оқу орындарына шығудың қажеттігі жоқ екендігін және отандық діни оқу орындарында білім алудың артықшылықтарын атап өтті.

Масаншы ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Дидыр Двумаров медресенің ашылуына ат салысқан барша азаматтарға және Серікбай қажы Ораз бен Жангелді Омаровқа ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

«Қордай» медресесінде 60 шәкірт білім алады. Шәкірттерге бастауыш діни білім беріліп, Құранды мәнерлеп жатқа оқу дағдылары үйретіледі. Медересені 2 жыл 10 ай оқып шыққан түлектерге бастауыш діни білім алғандығы және «қари» (Құранды жатқа білетіндігін) екенін растайтын сертификат тапсырылады.

Шәкірттердің медресе ғимаратында жатып оқуына барлық жағдайлар жасалынған. Жатақхана мен жуыну бөлмелері, асхана мен оқу сыныптары заманауи жиһаздармен жабдықталған.

Медресенің алдағы уақытта үздіксіз қызметін қамтамасыз етуді жергілікті кәсіпкерлер өз жауапкершіліктеріне алуда.