Тараз.77NEWS -Өңірде баспаналы болу бақытына ие болғысы келетіндер қатары күн санап артып келеді. Шаһарда тұрғын үй кезегінде тұрған 16 500 адамның 300-і «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген.  Енді баспаналы болудан үмітті бұқара сол сауалдарына жауап алу үшін әр банктің табалдырығын тоздырмайтын болды,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Өңірде «7-20-25» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 800, ал келер жылы 1380 пәтердің кілтін табыстау жоспарланған болатын. Бұл межені орындап, бағдарламаны қарапайым халыққа қолжетімді ету мақсатында шаһарда түсіндіру кеңсесі өз жұмысын бастады. 

Кеңседе пәтердің аумағы мен бөлме саны, бағасы туралы толық ақпар аласыз. Аптасына алты күн алты түрлі банк сізді мазалаған сауалдарға жауап беруге әзір отырады. Болашақ баспанаңызды таңдап болған соң, керекті құжаттарды да осы жерде рәсімдей аласыз.  

Осылайша жамбылдық жұртшылық түсіндіру кеңсесі арқылы мемлекеттік бағдарламаға қатысты барлық жаңалықтан құлағдар бола алады. Екінші деңгейдегі банк өкілдері «Арай» тұрғын алқабы, 15 шағын ауданда салынып жатқан тұрғын үйлерге өтініш қабылдауға әзірміз дейді.