Қалалық прокуратура, полиция  қызметкерлері және жеке сот орындаушылары салықтан жалтарған жамбылдықтарға арнайы іс-шара жүргізді. Ал, қомақты қарызы бар жүргізушілердің көлігі бірден айып тұрағына тоғытылып жатыр, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қазір облысымызда көлік тізгіндегендерді жіті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат: үкіметке берешегі бар, алайда оны өтеуден қашып жүрген азаматтарды заң алдында жазаға тарту. Өйткені өткен жылдан бері тұрғындардың қарызы 6 млн. 497 мың теңгеге жеткен. Ал, ағымдағы жылдың өзінде азматтардың қарызы 4 млн. 602 мың теңгені құрап отыр. Екі күндік тексерістің нәтижесінде 71 автокөлік айып тұраққа тоғытылған. Ал, үй-үйді аралап, қарызды өтеу мақсатында құзырлылар 500-ден аса мекенжайға табан тіреген.

Айта кетерлігі айып тұрағында қазір бос орын жоқтың қасы. Бұрын қойылған көліктер тәулігіне 700 теңге төлейтін болса, қазіргі таңда бұл жер тегін. Айта кетейік жеке тұлғалар үшін төлем осы аптаның соңына дейін жүргізіледі. Заң бұзып, айыппұл арқалаған азамат 1 аптаның көлемінде оның тек 50 пайызын өтеуге мүмкіндігі бар. Сондықтан уақыт оздырмай, қарыз мөлшері екі есеге артпай жатып уақытында төлеген жөн. Ал, өңірімізде ұйымдастырылатын тұрақты рейдтер борышкерлер санын азайтуға өз септігін тигізбек.