Фото:dknews.kz

Тараз. 14 қараша. 77news — Таразда «Ancient Taraz-2017» халықаралық туристік форумының аясында «Fashion Day» атты отандық киім дизайнерлері мен балалар сурет және қолөнер шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Талғамы жоғары тұтынушыларға нео-фольклор стиліндегі дизайнерлердің жаңа топтамалары ұсынылды. Сондай-ақ, байқау аясында әр елден келген қонақтар мен өңірлік қолөнер шеберлері бас қосты. 

Жиында туризм дамытуда туристер үшін кәдесыйлар дайындаудың маңыздылығы кеңінен айтылды. Өңірлік туризмді дамытуда түйіткілді мәселелерді жік-жікке бөліп, шешімін іздеу  қажет. Ішкі туризм ілгері басу үшін, ұлттық құндылықтар ұлықталуы тиіс. Тек сапалы қызмет түрі ғана емес, әсіресе, туристер үшін бағалы бұйымдар бағасы барынша қолжетімді, сапалы болуы керек. Тек осы арқылы тарихы терең тартқан көне шаһар туристердің қызығушылығын туғыза алады.

«Қазақстанда туристерге арналған тауарларды дамыту – өте ауқымды мәселе. Өйткені, бұл нарық мүлде дамымаған. Ең басты проблема – біздің менталитетпен, қазіргі адамдар қолөнерге қызығушылық танытпайды», — дейді «Kazakh Style» ЖШС директоры Гүлжан Әбілова.

Басқосу соңы қолөнер бұйымдарының көрмесімен жалғасты. Мұнда Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдердің тауарлары ұсынылды. Жамбылдықтар әдемі әрі ыңғайлы киімдерді, түрлі туристік бұйымдарды таңдап алуға мүмкіндіктері болды. Қазақстандық қолөнер шеберлерінің қолынан  шыққан кәдесыйлар шетелдік қонақтардың көңілінен шығып,  жоғары баға берді.

Іс-шараның екінші күннің жартысында  «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің байқауы өтті. Оған өңірдің  10 ауданынан 11 дизайнерлер қатысты.  Олардың жұмысында  тек экологиялық таза мақта, жібек және киіз сияқты маталар ғана пайдаланылған.

Қос конкурс қорытындысы бойынша әр номинация бойынша жүлделі орындарға ие болғандарға сыйлықтар табысталды. Ал, үздік үштікке іліккен жеңімпаздар өз  коллекцияларын еліміз бойынша көрсету мүмкіндігіне ие болды. Ең басты сыйлықты Кристина Рудакова қанжығалады. Бойжеткен  «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінің  тегін грантына қол жеткізді.