Тараз.77NEWS — Жамбыл облысында автокөлік бөлшектерінің ұрлығы белең алып тұр, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» сілтеме жасап.

Жыл басынан бері өңірде осындай 500-ден астам дерек тіркелген. Әсіресе Тараз қаласында қылмыстың бұл түрі көп жасалады. Қазір өңірде ұрыларға қарсы жұмыс күшейді. Алайда бұдан шыққан нәтиже шамалы. Тәртіп сақшылары ұрыны ұстап, қылмысы дәлелденіп тұрса да, қайта бостандыққа жіберуге мәжбүр. Статистикаға сәйкес, автокөлік бөлшектері Тараздағы 6,7,8,9 және 13-мөлтек аудандарда жиі тоналады. Әсіресе аккумулятор жоғалтып, шағымданатындар көп. Мәселен, Ахан Сейдіқадіровтің көлігі үй ауласынан қатарынан үш мәрте тоналған. «Жөндеп, қалыпқа келтіруге 150 мың теңгеге шығандалдым», – дейді қала тұрғыны. Ал полицияда Ахан сияқты 534 адамның шағымы тіркелген.

Көлігімнен аккумуляторымды ұрлап кетті. Оған қоса магнитофонды да түбімен суырып алып кеткен. Кейде 4 дөңгелегін де алып кетеді. Үстінен түссең, қол жұмсауға дайын тұрады. Қорықпайды мүлдем,- дейді қала тұрғыны Ахан Сейдіқадіров.

Қорықпай ма? Әлде машықтанған ба? Тәртіп сақшылары қылмыскерлерді аңдып жүріп ұстайды. Тергейді, тексереді, қылмысын дәлелдейді. Бірақ ұры қамалмайды. Мәселен, полицейлер аккумулятор ұрлығына қатысты 179 істің ізін суытпай ашқан. Алайда осы 179 қылмысты жасағандардың барлығы қазір бостандықта жүр.

Заңда ұрлықтың ұсақ, орта, ауыр, аса ауыр санаттағы түрлері қарастырылған. Бүгінгі күні ауырлығы орта дәрежедегі ұрлықтар белең алып тұр. Ол тоналған мүліктің бағасына қатысты анықталады. Тараз қалалық №2 сотында 11 айда ұрлық бойынша 72 іс қаралған. Оның 33-і тараптардың татуласуына байланысты өндірістен қысқартылды. Арнайы талдау көрсетіп отырғандай, көліктерге кіріп тонайтындардың дені жұмыссыз адамдар көрінеді.