Тараз.77NEWS — Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті жүлде қоры 3 миллион теңге болатын кітап оқу байқауын ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Жоба шарты бойынша ақылдастар алқасы құрылған. Алқа төрағасы — белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы. «Ақылдастар алқасы бірлесіп отырып, 100 кітаптан тұратын тізімді жасадық. Оның тең жартысы қазақ, қалғаны орыс тілінде ұсынылады. 5-7 сынып оқушылары кемінде 15, 8-11 сынып оқушылары кемінде 20 кітапты оқу жылының соңына дейін оқып шығуы тиіс. Бұл межеден асқан адам байқау жеңімпазы атанады. Жеңімпаз оқылған кітаптар бойынша сұрақ қою әдісімен анықталады», — дейді газеттің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали.  

Айта кету керек, кітап оқуға ынталандыратын байқаудың жүлде қоры — 3 млн теңге. 8-11 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға — 1 млн, 2 орынға — 500 мың, 3 орынға — 250 мың, 5-7 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға — 500 мың, 2 орынға — 300 мың, 3 орынға — 250 мың белгіленіп отыр.  Сондай-ақ,  байқауға қатысып, іріктеу сынына өткен оқырмандардың барлығы сыйлықсыз қалмайды.

«Қазіргі жастар тарихы тереңде жатқан халықтың өткенінен тағылым алып, келешегі жарқын болуы үшін тәуелсіз еліміз берген барлық мүмкіндікті мүлт жібермесін деп, «Жамбыл-Тараз» газеті тағы бір бастаманы қолға алып отыр. Өздеріңіз білесіздер, аталған газет қаланың соңғы жаңалықтарын, тыныс-тіршілігін, зор жетістіктері мен әлеуметтік ахуалын алғашқылардың бірі болып оқырманға ұсынады. «Кітап оқып, миллионер бол!» жобасының негізгі мақсаты — балаларды кітап оқуға баулу», — дейді бас редактор.

Оның айтуынша, байқау қорытындысы 2019 жылдың 22 мамырында жарияланады.