Тараз.77NEWS — «Қордай асуын айналып өту» учаскесінің 162-260 шақырым аралығындағы жалпы ұзақтығы 80 шақырымды құрайтын жаңа жолдың екінші жағы салтанатты түрде ашылды, – деп хабарлайды 77news.kz ақпараттық агенттігі ҚР ИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құрметті қонақтар мен аудан тұрғындарын құттықтап, қайта құру жобасына атсалысқандарға алғысын білдірді. Іс-шара аясында мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«Жаңа бағыттағы Қордай асуының айналма жолы Жамбыл облысының Қордай ауданының аумағымен барлық ауылдың ішіне кірмей сыртынан айналып өтеді. Бүгінгі күнге дейін пайдаланылып келген жолы Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қордай, Алға елді мекендерінің ішімен өтіп, жалпы ұзақтығы 100 шақырым болса, жаңадан  І-б санатында салынған жол 20 шақырымға қысқарған. Қазір 80 шақырымдық жол ауылдарды сыртынан өтеді. Осылайша, жол жүру уақыты да қысқартылып отыр», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Қордай асуының ұзақтығы 17 шақырымға (60%) қысқарды. Қолданыстағы асудың ұзақтығы 27 шақырым болса, жаңа І-техникалық санаттағы жолдағы асудың ұзақтығы 10 шақырым болып қалды.

Бұдан басқа, биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізіне Қордай өткелінің айналмалы учаскесінің жалғасы болып табылатын «Отар-Ұзынағаш» жобасы қолға алынды. Жоба 2018-2021 жылдары іске асырылады.

Жоба құрылысының ІІ кезеңін «Қазақжолқұрылысы» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізді.

Бірінші  кезекте 40 шақырым жол 2015-2017 жылдар аралығында республикалық бюджеттен бөлінген 8,527 млрд теңгеге салынды. Тапсырыс беруші «Жамбылжолзертханасы» РММ.

Екінші кезектегі 40 шақырым жол 2017-2018 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 9,240 млрд теңгеге салынды. Тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ЖОФ.

Жобаға 400-ден астам жұмысшы және 200 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылды. Жобада 2 шағын Жол полиция бекеті, 1 Жол-патруль қызмет бекеті, 1 ауылшаруашылық техника өткелі қарастырылған.