Тараз.77NEWS — Меркінің бөдене жұмыртқалары «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды. Бұл туралы 77news.kz Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бөдене құсы өнімінің 80 пайызын Жамбыл облысы тұтынады, қалған 20 пайызы шекара асып, шетелдік дастарханның сәнін келтіруде.

Биылғы жылдан бастап фабриканың өнімдеріне көршілес Қырғыз Республикасынан да қолқа салынған. Енді қырғыз еліне айына 5000 жұмыртқа экспортқа шығарылады. Бұл «Қазақстанда шығарылған» сапалы өнімдеріне сұраныстың еселенуінің айғағы.

Балалар мен жасөспірімдердің, жалпы адам баласының денсаулығына пайдалы, ақуыз бен дәруменге толы бөдененің еті мен жұмыртқасын өндіруге ден қойған кәсіпкер Бахадир Әдізбаев кәсіптің бұл түрімен айналысатын өңірде жалғыз шаруашылық.

– 2014 жылы 30 дана бөденені алып, кейін еті мен жұмыртқасына сұраныстың артқанын байқаған соң 50 бөденеге дейін арттырдық. Бөдене жұмыртқалары бірегей, толыққанды ақуыз өнімі және ондағы ақуыз тауық жұмыртқасына қарағанда әлдеқайда көп. Бөдене жұмыртқаларындағы ақуыздан басқа майлар мен көмірсулар, сондай-ақ адам ағзасы үшін ең құнды В1, В2, В5, В6, В12, Е, А, D дәрумендері, никотин қышқылы бар, – дейді шаруа иесі Бахадир Әдізбаев.

Бүгінгі күні кәсіпкерлік бөдененің жұмыртқасы мен етін жеткізуге 30-дан астам сауда нүктелерімен келісімшарт жасалып үлгерген. Нарыққа жаңадан тәй-тәй басқан шаруашылықтың аймақта кеңінен танылуына «Қазақстанның үздік тауары 2018» көрме-байқауы ықпал етті. Сондай-ақ, сапасы мен бағасы, табиғи ерекшелігі жағынан көптің көңілінен шыққан тауар «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдама алды.

Айта кетейік, Астана қаласында 12-13 қазан күндері өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына Жамбыл облысының атынан 9 компания қатысады. Олардың қай-қайсысы да жеңіске лайық!