Тараз.77NEWS — Мерейлі Меркі ауданы ауыл шаруашылығы арындаған аймақ. Бұлай деуіміздің себебі, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласы 16 миллиард 951 миллион теңгенің өнімін өндіріп, түскен түсім өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Тәтті түбір егуден меркіліктер алдына жан салмай, биыл қант зауытына өткізілген 97 мың тонна өнімнің 47 мыңы осы өлке шаруаларының үлесінде. Одан бөлек, жергілікті билік үстіміздегі жылы шығыны аз, берері көп бастамаларға айрықша басымдық беріпті,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

– Соңғы жылдары шығыны аз, көп табыс беретін дақыл түрлерін егуге күш салудамыз. Мәселен, осы таңға дейін Меркі жерінде алма өсіретін 5 питомник болған. Осы шаруашылықтың тиімділігін зерделей келе, биыл кәсіпкерлерді алма егуге үгіттедік. Нәтижесінде 2 гектар жерден 150 тоннаға дейін өнім жинап, 22 миллион теңге табыс тапқан шаруалар болды. Осыны көріп, неге өлкенің еңбеккерлері бақ өсірумен кең көлемде айналыспайды деген ойға келді.
Негізі, жергілікті билік тұрғындарды жеке шаруашылығын бастауға үгіттемей тұрып, сол өнімнің тиімділігі мен түсер пайдасын өздері ең алдымен түсініп алғандары абзал. Біз шаруаларға қызылшаны ектірмес бұрын арнайы маман шақырып, оның пайдасы мен топыраққа отырғызу әдісін әбден зерделедік. Содан кейін ғана барып насихат жұмыстарын жүргіздік. Биыл 1 гектар жерден 1 000 центнерге дейін тәтті түбір алып жатқан шаруалардың табысы осы саралау, зерттеу жұмыстарының нәтижесі деп білемін. Енді алдағы жылдары бақ өсіру шаруашылығын мықтап қолға алсақ, аудан экономикасы еселеп өсетініне бек сенімдімін, – дейді Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков.
Десе де, Мейірхан Азатұлы көп тірлікті тіктеуге ағын судың тапшылығы қол байлау болып отырғанын жасырмады. Осы орайда, биыл жергілікті билік төрт су қоймасын салуға өтінім берген екен. Бұл ұсыныстары облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тарапынан қолдау тауып, құрылысқа 8 миллион теңге қаралған.
Бұдан бөлек, меркіліктер биыл сүт бағытындағы аналық бас сиырдың санын көбейтуді мықтап қолға алуда. Облыста тұңғыш рет жанданып отырған жобаны «Талды бұлақ» шаруа қожалығы жүйелеп, ағымдағы жылы тәжірибе ретінде Ресей мемлекетінен ұрықтар әкелген. Егер бұл бастама өз өміршеңдігін дәлелдесе, алдағы жылы Меркі ауданында аналық бас бұзаулардың саны еселеп артатын болады. Мамандардың айтуынша, ресейлік бұл тұқым 80-90 пайыз ұрғашы бұзау төлдетуге кепілдік беретін көрінеді.
Аудандағы тағы бір тың бастама – балық шаруашылығы. Өткен жылы Андас батыр ауылдық округіне қарасты Гранитогор ауылынан құрылысы басталған өндіріс орны биыл 60 тонна балық өнімін өндірген. Жалпы құны 300 миллион теңгені құраған жоба жылына 750 тонна дайын өнім шығарады деп күтілген болатын. Алайда, тірлігін енді тіктеп жатқан цех биыл 60 тонна балық өнімдерін Еуропа мемлекеттеріне экспорттады. Ал, ең таңғаларлығы жеке кәсіпкер Елшібек Ниязбеков пен Абзал Әбішев зауытқа қажетті балықты Балқаш көлінен алдырып, су айдынынан шалғайда жатқан мекенде балық шаруашылығын дамытуда. Бұл сөз жоқ, «тірліктің көзін тапқан, байлықтың өзін табатындығын» тағы бір мәрте дәлелдеп тұр.
Ауданда ет экспорты да алшаң басуда. Көрсеткіштерге көз жүгіртсек, аймақта ірі қара мал саны биыл 47 878 басқа жеткен. Қой мен ешкі 262 504 басты құрап отыр. Одан бөлек, жылқы малы 13 110 бас болса, Ойсылқара төлі 123 басқа артқан. Нәтижесінде биыл Иран мен Бахрейн мемлекеттеріне 1 000 тонна ет экспортталған. Сондай-ақ, 25,84 мың тонна сүт өнімдері дайындалып, өзге өңірлерге шығарылған.
Жалпы, меркіліктердің осы сынды мақтанатын жобалары мен көңілге қонымды көрсеткіштері аз емес. Бұдан бөлек, келер жылы аталмыш өңірде талай жылдан бері тірлігі тұралап тұрған спирт зауыты қайта іске қосылғалы тұр. Сондай-ақ, жобалық құны 662 миллион теңге тұратын шағын мұнай өңдеу зауыты да желтоқсан айында жұмысын бастайды. Жобаға жауапты «Са-Ба ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс орны қуатты күшіне шыққанда, 70 адамды жұмыспен қамтымақ.
Әрине, мерейлі Меркі ауданының қай салада болмасын мүмкіндігі мол екенін айғақтауда. Өркениет өріне ұмтылған өлкенің жүйелі жобаларының жемісті жалғасатынына күмән жоқ.