Тараз.77NEWS — 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай, Шу ауданындағы Наурыз төбеде ұлттық ат спорты көкпардан Жамбыл облысының ашық турнирі өтті,-бұл туралы 77news.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

30-шы қарашада басталған турнир 2 күнге созылып, 20 команда қатысты.

Турнирдің өтуіне атсалысқан Қазақстан ұлттық спорт құрамасының бас бапкері Қуанышбек Құрамаевтың айтуынша, жылда жалғасын тауып келе жатқан бұл шара Елбасы күніне орай ұйымдастырылып, келер жылы Қордай ауданында өткізілетіндігін жеткізді.

Ақтық сында мықтылар іріктеліп, 1 орынды Меркі ауданының “Тәтті” командасы иеленіп, 500 мың теңге көлемінде сыйлық алса, 2-3-ші орынды Шу ауданының командалары еншілеп, 200 мың, 100 мың теңге көлеміндегі жүлдені қанжығасына байлады. Ал 4-ші орын Меркі ауданының «Ақтоған» командасына бұйырып, 50 мың теңгені жүлделеді. Қордайлық команда 5-ші орынды місе тұтып, 30 мың теңгеге ие болды.