Тараз.77NEWS — Жамбыл облысында  жыл басынан бері 677 өрт оқиғасы тіркеліп, одан келген шығын 142 млн 795 мың теңгені құрады. Өрт кезінде 12 адам қаза болса,  9 адам әртүрлі дәрежеде күйік алған,  деп хабарлайды 77news.kz. ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы жергілікті БАҚ өкілдерімен өткен брифингте  облыстық  төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Сабиров, Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының  бастығы Мақсат Әкімбаев мәлімдеді. «Жалпы, өрт саны қысқы мерзімде біршама көбейіп кетеді. Тұрғындардың басым көпшілігі қыста жылыту пешін қолданады, бірақ кей азаматтар жылыту пештері мен мұржаларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамай, өздерінің баспанасына, өз өмірі мен туыстарының өміріне қауіп төндіреді.

 Яғни, биыл облыс аумағында 22 улы газбен  улану оқиғасы тіркелді және 44 адам уланды, оның ішінде 9 адам қаза болды. Айта кетейік, жыл сайын тұрмыстық өрттерді алдын алу мақсатында жылыту маусымы кезінде облыстық ТЖ департаменті қызметкерлерімен өрт қауіпсіздігі айлығын жүргізеді, тұрғын үйлерді аралап тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді және өртке қарсы тақырыптарға жаднамалар таратады»- деді Талғат Сабиров. Сондай-ақ, спикерлер жаңа жыл мерекесі кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды қолдануға жол бермеу жөнінде де айтып өтті. «Соңғы жылдары отшашулар, жарылғыш және тағы басқа пиротехникалық заттарды қолданудан шыққан өрттер жиі тіркеліп отыр. Қауіпті ойыншықтармен ойнап, нәтижесінде балалар әртүрлі дәрежедегі күйік, жарақат алған өрт фактілері алаңдатады. 

Мысалы, соңғы екі жыл ішінде емдеу ұйымдарына жарылғыш пакеттерді қолдану салдарынан әртүрлі термиялық күйік алған 15-тен астам адам түскен, оның басым көпшілігі — 9 жастан 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер», — дейді М.Әкімбаев. Айта кету керек, жаңа жыл меркекесі қарсаңында пиротехниклық өнімдер көптеп сатыла бастайтыны белгілі. Олардың дені сертификатталмаған және арнайы белгіленбеген жерлерде сатылатыны жасырын емес. Ол заттарды қолдану әртүрлі дәрежелі термиялық жарақаттар алу, ал кейбір жағдайларда өрттің пайда болу қаупін тудырады. Мамандардың айтуынша, ережелерге сәйкес, азаматтық пиротехникалық заттар ішкі істер органдарында тіркелген қоймаларда сақталуы тиіс. Пиротехникалық өнімдерді 14 жасқа толмаған балаларға сатуға тыйым салынады.