Тараз.77NEWS — Бүгін «Тараз HUB» IT-орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов, облыс әкімінің орынбасары Тимур Амантайұлы Жанке, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, білім, жастар саясаты басқармаларының басшылары және «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ басшысы Дамир Егізбаев, құқық қорғау органдары мен ЖОО орындарының басшылары қатысты,деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

«Taraz Hub»-тың негізгі миссиясы ІТ-мамандардың жаңа буынын даярлау, стартап-мәдениетін дамыту және ел мен облыс экономикасын нығайту үшін жоғары технологиялық жобаларды құру.
«Taraz Hub» Жамбыл облысының ІТ-индустриясы дамуының өзегі және локомотиві болуы тиіс. Өңірде осындай орталықты құру туралы шешім білікті мамандарға деген сұраныстың өсуіне негізделіп отыр. Орталықта барлық жастағы адамдарды IT саласындағы жаңа технологияларға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге үйрететін болады.

Оқытушылардың біліктілігін арттыру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жұмыстары жүргізіледі. Коворкинг аймағында заң және бухгалтерлік салалары бойынша жұмыс орындарын ұсынылмақ. Бизнес инкубаторда түрлі мастер-класстар, бизнес тренингтер өтеді.
Қазіргі уақытта мұндай орталықтар Астана «Astana hub» және Алматы «Smart point» қалаларында жұмыс жасауда.
Жобаның жалпы құны 250 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2017- 2018 жылдар аралығында жүргізілді. Жоба аясында 15 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сондай-ақ, 50 жұмыс орны бар 15 стартап компанияны орналастыруға жағдай жасалған.