Тараз.77NEWS — Жамбыл облысындағы білім ошақтары Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқу бағдарламасымен білім беруге көшті, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі  «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Қазір өңірдің 1 мен 8 сынып аралығындағы оқушылар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес оқып жатыр. Озық іс-тәжірибені тарату мақсатында базалық алаң ретінде 40 мектеп таңдап алынған. Онда апта сайын арнайы семинар ұйымдастырылады. Осы арқылы мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, білім берудің заман талабына сай тиімді тұстарын меңгереді. 2019 жылы жаңа бағдарлама бойынша аймақта 6 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырмақ. Бұл бағытта облыстық оқу әдістемелік кабинеті мен Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі арасында өзара келісімшарт жасалған. Айта кету керек, жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен ұстаздардың жалақысы 30% өсіп отыр.