Тараз.77NEWS — Қонаев ауылына ауыз су жетті. Жамбыл облысындағы бұл елді мекен тұрғындары бұған дейін тіршілік нәрін құдықтан тасып ішетін, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24»ке сілтеме жасап.

Жоба мемлекеттік «Ауыз су» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Қазір жергілікті жұрт үйлеріне құбыр тартып, су кіргізіп жатыр. Дінмұхамед Қонаев ауылында 6 мыңға жуық халық тұрады. Тұрғындар осы уақытқа дейін таза ауыз судың азабын тартқан. Тіршілік нәрін құдықтан ішті, шамасы келгені көрші елді мекеннен тасыды. Жұртты судың сапасы алаңдататын. Енді орталықтандырылған су келіп, ерекше қуанышқа кенеліп жатыр.

Шу ауданындағы 36 елді мекеннің 78% орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл тағы екі елді мекенге ауызсу тарту жоспарлануда. Сондай-ақ, Шу қаласындағы Қосқұдық мөлтек ауданының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Аудан әкімінің айтуынша, шаһар ауызсумен 2020-2021 жылдары 100 пайыз қамтылады.

 «Абай ауылына толықтай жобалық-сметалық құжаттаманы бітіріп, биыл республикаға өтінім берілді. Республика бізді қолдады. Сонымен Абай ауылына да ақша бөлінді. Ауызсу салынайын деп жатыр. Биылға межелегеніміз — Мойынқұм ауылы. Онда да жобалық құжаттары дайын. Өтінім бердік. Оны да естіп жатырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған сияқты»,- дейді Шу ауданының әкімі, Қайрат Досаев.

Жалпы Жамбыл облысындағы 373 елді мекеннің 189-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Тағы 181 ауыл орталықтандырылмаған су көздерін пайдаланады. Ал Ақбақай, Ақсүйек, Бурыл байтал елдімекендері тіршілік нәрін тасымалдап ішіп отыр.