Жамбыл облысы бойынша бос тұрған 47 көпқабатты тұрғын үй анықталды. 2018 жылы 9 үйде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 695 пәтер пайдалануға берілген, деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Атап айтсақ, өткен жылы Талас ауданы, Қаратау қаласында 440 пәтерлі 6 үй, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында 180 пәтерлі 2 үй, Шу ауданы, Шу қаласында 75 пәтерлі бір үй қайта жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне берілген. Ал, қалған 38 үйдің 31-іне немесе 3153 пәтерді қайта жаңғырту 2019-2022 жыл аралығына жоспарланып отыр.

Нақтырақ тоқталсақ, ағымдағы жылы 5 үйді немесе 345 пәтерді қайта жаңғыртудан өткізу көзделген. Ал 2020 жылы 15 үй немесе 1285 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланса, 2021 жылы 1523 пәтерлі 11 үй қайта жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, Жаңатас қаласы мен Қордай ауылында 7 үй немесе 594 пәтер жеке меншіктен коммуналдық меншікке қайтарылады. Оны қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылға дейін толық аяқталады. Себебі, жеке меншіктегі үйлерді коммуналдық меншікке қайтару тәртібі ұзақ мерзімді қажет ететіндіктен, оларды қайта жаңғырту жұмыстарын 2022 жылдан кейін іске асыру жоспарланған.