Тараз. 77news — Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2018 жылдың қорытындысы бойынша салалық басқармаларды жекелей қабылдап, есептерін тыңдауды бастады. Алдымен облыс әкімдігінің дін істері және тілдерді дамыту басқармаларының жұмыстары қаралған есепті жиынға аталмыш басқарманың мамандары мен аудан әкімінің орынбасарлары да қатысты. Өз кезегінде өңір басшысы, діннің ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын айрықша атап өтіп, ертең ел тұтқасы болар бүгінгі өрендерге имандылық пен білімді дұрыс сіңіру арқылы қоғамдағы әділетсіздіктер мен арсыздықтарды айтарлықтай азайтуға болатынын жеткізді. Сонымен қатар, облыстық тілдерді дамыту басқармасының да өткен жылғы атқарған жұмыстары сараланып, нақты тапсырмалар жүктелді. 

Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысындағы діни ахуалдың жай-күйі мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баяндады. Оның айтуынша былтыр жыл басында жасалған облыс әкімі мен қала және аудан әкімдері арасындағы басқармаға тиесілі екі индикаторлық көрсеткіштер толығымен орындалған. Сондай-ақ, басқосуда 2018 жылдың 3 мамырында өңір басшысының төрағалығымен өткізілген кеңестің №51 хаттамасына сәйкес берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Нұр Мүбәрак» университетінің оқытушылары құрамының қатысуымен өңірдегі 100 имамға арналған 2 апталық оқыту курсы ұйымдастырылған. Бұған дейін имамы болмаған облыстағы 16 мешіттің де мәселесі толығымен шешіліп, діни қызметшілермен қамтылған. Мектептердегі «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін барлық мұғалімдер арнайы курстан өткен. Сонымен қатар, пәнді меңгеру деңгейін анықтау үшін, 450 мұғалім, 16127 оқушының қатысуымен тестілеу жүргізілген. Әйтсе де, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Атап айтсақ, 23 хаттамалық тапсырманың 14-і шешімін тапса, қалғаны орындалмаған болып шықты. Өңірдегі жеке меншік иелігіндегі мешіттердің ғимараттары мен жер телімдерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өткізу мәселесі толығымен шешімін таппаған. 19 мешіттің құжаттары рәсімделуде десек, 4 мешітті ҚМДБ меншігіне өткізуге кедергілер туындауда. Шетелді діни білім алып жатқан 26 азаматтың 10-ы сенімді, 16-ы күмәнді оқу орындарында оқуда. Асқар Мырзахметов оқыту курсы мен мектептегі «зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің тақырыптарын толықтырып, нақтылауға басқарманың атсалысу керектігін ескертті. Сондай-ақ, жеке меншіктегі мешіттерді ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Аймақтағы тілдерді дамыту басқармасы мен облыс әкімдігімен белгіленген түйінді нысаналы индикаторлардың барлығы өткен жылы түгелімен орындалған. Мемлекеттік тілдік саясатты насихаттау жұмысы тиісті деңгейде жүргізілген. Ең бастысы, облыста ономастикаға қатысты түйткілді жайттар түбегейлі шешіліпті. Лайықты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біздің өңірдегі мағынасы ескірген атаулар толығымен жойылып отыр. Тіл мәдениетінің деңгейін арттыру бағытында да жасалған тірліктер аз емес. Басқарма басшысының айтуынша, тоқсан сайын аудандар мен Тараз қаласында әр бағытта меже қойылып, олардың орындалу барысы басқарма тарапынан қатаң қадағаланып отырған. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін түсіндіруге бағытталған іс-шараларға тартылған халықтың саны 150 мың. Аталмыш саладағы өзекті болып отырғаны қазақ тіліне танауын шүйіре қарайтын кәсіпкерлермен жұмысты жандандыру керек. Қонақ үйлер, мейрамханаларда тіл заңдылығының сақтала бермейтіндігі қынжылтады. Ендігі кезекте тілдерді дамыту басқармасы бұл мәселені де алғашқы жартыжылдықта шешуге күш салатындығын жеткізді. Ол үшін құзырлы мекемелермен, атқарушы органдармен және кәсіпкерлік палатасымен бірлескен жұмыс жоспары жасақталуы мүмкін. Облыс әкімі басқарма тарапынан атқарылған жұмыстардың аз еместігін жеткізе отырып, бірқатар мәселелерге де мән беру керектігін атап өтті. Оның ішінде мектептердегі қазақ тілі мұғалімдердің сабақ беру деңгейін білу маңызды.

Тілге деген қызығушылықты арттыру мақстаныда жүргізіліп жатқан жұмыстар жетерлік, алайда, оның нәтижесі қандай деген сауалға талдау жасау қажет, деді әкім. Аймақ басшысы сонымен қатар, назарға алынуы тиіс бірқатар хаттамалық тапсырмалар да жүктеді.