Фото: Әділбек Самаликов

Тараз. 77news — Тараздықтар жолақыны электронды түрде төлейді.  Бұл мақсатта қазір автобустарда  электронды билеттендіру құрылғысын енгізу бойынша тиісті есептеу жұмыстары жүргізілуде. Оның үстіне  жаңа жүйені жүзеге асырудың жол картасы бекітіліп қойды, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Бұл пилоттық жоба  қазір нөмірі 40 автобуста сыналып жатыр.  Жоспар бойынша қоғамдық көлік ішіне арнайы валидаторлар аппараттары орнатылады.  Жолаушылар төлем картасымен  әлгі құрылғыға үйкеу арқылы жолақысын төлемек. Бірақ бұл жүйе әлі де кеңінен қаралмақ. Жоба жолға қойылса, карточкалар іске қосылып, оған виртуалды ақшалар жүктеледі. Осы арқылы жұмыс күнінің соңында олар қанша адамның мініп-түскені, қанша төлегені туралы ақпарат береді. Ал оған дейін жолсерік жолаушылардан жолақыны ақылы түрде алып, «Смарт тараз» құралы арқылы арнайы чектер табыстайды.

Фото: Әділбек Самаликов

Бүгінде Тараз қаласында жолаушылар тасымалымен 10 мекеме айналысады. Күнделікті 43 бағыт бойынша 465 автобус қызмет көрсетеді.  2018 жылы мекемелер елуге жуық автобус сатып алып, ескірген, техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді ауыстырған болатын. Ал мамандар сөзінше, жол ақыны электронды төлеу өзге автобустарға да орналастырылады.

Фото: Әділбек Самаликов

Айта кетерлік жайт, жол ақысын қолма-қол төлеу әзірге өзгеріссіз. Төлем жүйесі бұрыңғыша. Бірақ электронды билет тұтыну әлдеқайда арзанырақ болады, — дейді мамандар. Сондықтан жауаптылар  жол ақысын төлеудің ең тиімді жолын қарастыруды көздеп отыр.