Фото: жеке дерек көзінен

Тараз. 77news — Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқу-тәрбие үрдісі биыл Жамбыл облысындағы қарапайым мектептердің 50 пайызына енгізіледі. Орта білім беруді цифрландыруда оң нәтижеге қол жеткізген біздің аймақ, бұл көрсеткішті биыл арттыра түсеміз деп отыр. Мәселен, Робототехникамен қамтамасыз ету 2017 жылы небәрі 7 мектепте ғана болса, былтыр 152-ге артқан, яғни 34 пайыз. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың алдында есеп берген білім басқармасының басшысы берілген тапсырмалардың орындалу барысы мен алдағы міндеттермен де таныстырды.

Білім басқармасы былтыр министрлікпен, облыс және аудан әкімдіктерімен арада жасалған меморандум, сонымен бірге аймақтарды дамыту бағдарламасы сынды 5 құжат бойынша жұмыс атқарып, алға қойылған негізгі міндеттерді ойдағыдай орындап шыққан. Оның ішінде өңірде апатты мектептер мәселесі толығымен шешіліп отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 66 балабақша ашылды. Мектепке дейінгі мекемемен қамту үлесі жүз пайызға жуықтаған. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінен республикада үшінші орындамыз. 4 сыныптар арасында оқу жетістігін сырттай бағалаудан төмен көрсеткішке ие болған 107 мектеп бақылауға алынып, ұстаздардың біліктілік деңгейін арттыру мақсатында әдістемелік десанттар жасақталса, оған  8800 мұғалім қамтылыпты.

Бір қуантарлығы, бізде қазір балалар үйі атымен жоқ. Бұл тәжірибені енгізуге өзге облыстар да құлшыныс танытып отыр, дейді басқарма басшысы. Әулиеатада техникалық және кәсіптік білім беретін 48 колледжде 27396 студент білім алуда. Бұл білім мекемелерінің 35-інде дуалды оқыту жүйесі енгізілген. Бірақ олардың барлығының бірдей жұмыспен қамтылатынына кепіл жоқ. Асқар Мырзахметов, осы мәселеге талдау жасай отырып, жылына мемлекеттік білім беру грантына бөлінетін 7 млрд теңгенің жүйелі жұмсалуын қадағалауды тапсырды. Яғни, қоғамда сұранысқа ие, маман оқыту арқылы қаржыны үнемдеуге болады. Бұл орайда аудан әкімдеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу мен өз өңіріне қажет мамандыққа тапсырыс беру  міндеті тұр.

Аймақ басшысы колледждерді өздері оқытқан балаларды келешекте жұмысқа орналасуына кепілдік беруі тиістігін атап өтті. Ол үшін белгілі бір жүйе қалыптастыру керек. Ауылда сенделіп, жұмыссыз жүрген жастар көп. Ал оларды осындай мамандыққа неге оқытпасқа? Аудан әкімдері осы мәселені де ойлануы қажет-ақ. Жақсы мектептердің арқасында білім сапасы төмен білім ошақтары жазасыз қалып кетпеуі керек. Мұндай жағдай болған бізде. 39 мектеп үш жыл қатарынан шекті деңгейден төмен көрсеткіш көрсеткені ел есінде. Бірақ қазір ондағы білім сапасы жақсарды дейді, басқарма басшысы. Кейбірінде тіпті директорлары жұмыстан шығарылған.

Жиында маман тапшылығы, ата-аналар комитеттері мен мектеп инспекторларының жұмысы, қорғаншылық кеңестерінің міндеттері сынды өзекті мәселелер қозғалды. Облыс әкімінің инспекторлары зерделеуі негізінде анықталған саладағы кемшіліктер бойынша жұмыстарды жалғастыру ұсынылды. Оның ішінде оқуды сырттай бітірген 143 мектеп директорларының ісін қарау, оқушылар арасындағы тәртіпсіздікті болдырмау секілді тірліктер кезек күттірмейді. Айтпақшы, жиында Талас және Жуалы аудандары мұғалімдерінің былтырдан төленбей қалған айлықтары бар екендігі айтылып қалды. Асқар Мырзахметов ұстаздар қауымының жалақысының уақытылы берілуін қадағалауды тапсырды.