Фото: Азат Байтемір

Тараз. 77news — Бүгін Жамбылдық жұрт Мұқағали жазған туындыларды еске алып, әдеби кеш өткізді. Дара ақынның ұлы мен келіні осы кешке арнайы келді, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Әдеби кештің өтуіне мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасы. Мұқағалиді ұлықтаған Жамбылдағы жыр кешіне   Алматы, Қызылорда, Түркістан сынды өзге аймақтардан  ақындар арнайы келген. Ал кештің басты қонағы ақиық ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақыткүл Айдарова. Шабыттанса, шашасына шаң жұқтырмас сөз шеберлері бұл кеште Мұзбалақ ақынның үздік туындыларын шырқап, көптің көңілін бір тербетті. Әуелі болып облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков кешке жиылғандарды құттықтап, ақынның ұлына қазақы дәстүр бойынша шапан жапты.

Фот о: Азат Байтемір

Әдеби кешке жиналған қарашаның қарасы қалың. Мерекелік кештен көрермендер рухани азықтанып, ақын өнеріне бір саяхат жасады.

Фото: Азат Байтемір

Айта кету керек, ақиық ақынның жеке күнін тойлауды алғаш болып біздің өңір бірінші болып қолға алды. Алдағы уақытта, өзге қалаларға үлгі боларлық іске көпшіліктің көңілі тоқ. Тіпті, арнайы шақыртылған қонақтарда ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мұзбалақ ақынды еске алу кеші жоғары деңгейде өтіп жатқандығын жеткізді.

Жамбылдық жұртшылықтың асыға күткен бұл шарасы көпшіліктің есінде ұзаққа қалары сөзсіз. Ақынның өз дауысымен оқыған өлеңдері көрермендерді тебірентпей қоймады. Ұйымдастырушылар өз кезегінде алдағы уақытта өзге де елімізге белгілі тұлғалардың мерекесін көпшілікпен тойлауды қолға алмақ.