Фото: Азат Байтемір

Тараз. 77news — Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағыны жастарға серпін берді. Әсіресе,  еріктілер бұл істе белсенділік танытып, аянып қалмақ емес. Мәселен, бүгін Таразда белсенді жастар қайырымдылық жасап, алғысқа бөленді.  Яғни, олар әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, тұрмысқа қажетті азық-түліктерді үлестірді, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Фото: Азат Байтемір

Бүгінгі  таңда облысымызда «Жібек жолы жастары» еріктілер қозғалысы құрылған. Қазіргі таңда Жамбыл облысында мыңнан аса ерікті жастар бар. Олар осы уақытқа дейін түрлі жобалар аясында қарттар мен жалғыз қалған жандардың үйіне барып, қол ұшын созған. Бұдан бөлек, белсенді жастар тарихи-мәдени нысандардың тазалық жұмыстарыменде айналысқан. Ал биылдан бастап еріктілер өңірдегі аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетпек.

Фото: Азат Байтемір

Отбасыларға көмек қолын созу мақсатында  еріктілер 3 апта бойы Тараз қаласындағы қамқорлық пен қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтапты. Нәтижесінде 450-ге жуық көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар белгілі болған. Ал бүгін 220 отбасыға көмек көрсетілді. Әр отбасыға тұрмысқа қажетті азық-түліктер, киім-кешек табысталды.

Мамандардың айтуынша, Таразда алдағы уақытта қайырымдылық дүкендері іске қосылады.  Еріктілер мен кәсіпкерлердің арасында байланыс орнап, 5 жерге арнайы жәшіктер орнатылады деп күтілуде. Айта кетейік, қайырымдылық шарасы бүгін барлық аудандар да бір мезетте ұйымдастырылды.