Фото: 77TV

Тараз. 77news — Таразда жүрегі оң жақта, бауыры сол жақ тұсында орналасқан қаршадай қыз тұрады. Миллионның бірінде ғана кездесетін мұндай ерекшелікке ие Айдана Махамбеттің  қазір денсаулығы   жақсы. Еш кінәраті жоқ.   Айдана  мектепте жақсы оқумен қатар,  шығармашылықпен де айналысады. Ол осы жетістігі арқылы  ата-анасының көз қуанышы болып жүр, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.  

Фото: 77TV

Түскі ауысымда оқитын Айдана мектеп кітапханасына жиі келіп тұрады. Түрлі кітаптармен қатар, газет-журналдарды үзбей оқуды жанына серік қылған.  «Әр дүйсенбі мемлекеттік Әнұранды оң жақ кеудеме  қойып, ерекше тебіреніп шырқаймын», — дейді.  Өзі  жүрегі оң жағында орналасқанын ес білгенде біліпті.

Фото: 77TV

Айдананың ата-анасы қыздарының жүрегі оң жақта орналасқанын естігенде қатты уайымдағандарын айтады. Яғни, жасөспірімнің ерекшелігін небәрі 4 жасында  байқапты. Дәрігерлер толық тексеріп, нәтижесінде еш қауіп жоғын байқаған. Ал ерекше жаратылған Айдананың әке-шешесі «ақ халаттылардың  сөзінен кейін ғана,  қорқынышымыз сейілді», — дейді.

Фото: 77TV

Жалпы, Айдана өзін жайсыз сезінбейді екен.  Айта кету керек, мектеп оқушысының жүрегі оң жақта, бауыры сол жақта орналасқан.  Ал медицинада бұл құбылысты «декстрокардия» деп атайды екен.  Бұдан адамның денсаулығына төнетін қауіп жоқ, — дейді мамандар. Ұстазы болса оқушысының ерекшелігін алғаш Әнұран айтқанда байқапты.

Фото: 77TV

Айданың ендігі мақсаты айқын. Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге үмітті.  Болашақта өзін математика саласында көргісі келеді.  Ол үшін тыңбай еңбектенуге жаратылысы ерекше қыз дайын.