Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тараз. 77news — Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен Тараз қаласында «Балқарағай» фито-бар емдеу-сауықтыру орталығы ашылды, — деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Облысымызда тұңғыш рет ашылған фито-барда алдағы уақытта келушілерге арнап емдік өсімдіктерден дайындалған түрлі тағамдар мен сусындар, денсаулықты жақсартатын диеталық өнімдер ұсынылмақ. Орталықтың негізгі мақсаты салауатты өмір салтын ұстануды насихаттауға негізделген.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, жобаны облыс басшысының идеясымен жеке кәсіпкер Қадырхан Абдуллаев  қолға алып, іске асырған. Бұл орталықта 100-ден астам шөп түрлерінің емдік қасиеттері пайдаланылады. Ол шөптер еліміздің әр түкпіріндегі таулы аймақтардан теріледі.

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Орталық ғимаратының аумағы 700 шаршы метрді құраса, маңында  жалпы  аумағы 1,8 гектарды құрайтын саябақ орналасқан. Мұнда барлығы 30-35 адам жұмыс атқарады.  Олардың қатарында шөппен емдейтін, педиатр, терапевт дәрігерлері  бар. Орталықта тәулігіне 150-200 адамды қабылдауға мүмкіндік жасалған. Мұнда  негізінен емдік шөптерден дайындалған шәйлармен емдеу шаралары жүргізілмек. Ал тағамдар мәзірінде диеталық өнімдерге басымдық беріледі. Емдік шөптерді пайдалануда «Зерде-Фито» ЖШС-мен бірлесіп еңбек етпек.