Тараз.  77news — Қазір Жамбыл облысындағы түзету мекемелерінде 2056 адам жазасын өтеп жатыр. Оның 1300-ге жуығы жұмысқа жарамды. Нәтижесінде қазір жеке кәсіпкерлер қолдау танытып,  жазасын өтеп жатқан 802 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Ал бүгін темір тордың арғы жағында еңбек етіп, түрлі қол өнер бұйымдарын жасаған сотталушылар  көрме ұйымдастырды, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Көрмеге қойылған түрлі бұйымдардың барлығын  жазасын өтеушілер өз қолымен жасаған. Ұсақ тұрмыстық заттардан бастап, мамандардың киіміне дейін  барлығы шеберлікпен дайындалған. Жаза басқандар әсіресе, ағаштан бұйым жасауға әуес екен. Ал өндірістік көрме арқылы ұйымдастырушылар оларды  еңбекке баулимыз деп отыр.

Жеке кәсіпкерлердің сөзінше,   ағаш астаулар мен көздің жауын алатын кемелерге сұраныс артқан. Яғни, енді сотталушылардың жұмысы да еселене түспек.Ал бүгін көрмеге қойылған өндірістік тауарлар әз-Наурыз мерекесіне орай қайырымдылық ретінде өңірдегі қарттар мен балалар үйіне  сыйға берілмек.

Темір тордың ар жағында екі қолға бір күрек тапқандар ай сайын жалақы алады. Әрине,  тыңбай еңбек етудің арқасында. Алайда игерген кәсіпті бостандықта пайдаға жаратып, дұрыс жолға түсу ол әрине әрқайсысының өз қолында.