Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тараз. 77news- Жамбыл облысында 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті 29650 отбасы алатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 16,7 миллиард теңге қарастырылуда. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.  Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы баяндама жасады.

Айта кетейік, еліміздегі кедейліктің шегі күнкөрістің ең төмен деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, 20 мың 800 теңге болып отыр. Осыған орай қайта нақтылауда, өңірдегі аталмыш әлеуметтік көмекті алушылардың саны да арта түскен. Басқарма басшысының айтуынша, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29650 отбасының әлеуметтік картасы түзілген,  онда барлығы 150400 адам қамтылмақ. Ал, бұған дейін, бұл көрсеткіш 14849 отбасыны, 74517 адамды құраған. Асқар Исабекұлы атаулы әлеуметтік көмекпен әдістемеге сәйкес белгіленген отбасылардың толығымен қамтылуына  аса назар аударып, есептеу кезіндегі кеткен кемшіліктердің кесірінен мұқтаж азаматтардың қалтарыста қалып кетпеуіне көңіл бөлді.  Сол  үшін олардың отбасылық табыстарын есептеу шараларын аса мұқият жүргізуді тапсырды.

Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен асатын, алайда қаржылай қолдауға зәру өзге де отбасылардың  аз еместігін баса айтып, оларға да қажетті көмектер көрсетудің тетіктерін ойластыруды тапсырды. Бұл орайда,  алдағы уақытта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған облыстық бағдарлама дайындалуы мүмкін. Оған қажетті қаражат облыстық бюджеттен қарастырылып,  гранттар немесе тиімді жолмен қайтару қарыздары беру көзелуде. Ол  халықтың әлеуметтік осал топтарына тиімді табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беру керек деді облыс әкімі.