Тараз. 77news — Бүгін Тараз қаласында 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қуаныш иелерін құттықтады.

Пәтер кілтін иеленгендер қатарында Ұлы отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, әлеуметтік жағынан қорғалған топтар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Аталмыш тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы тұрғызылған болатын. Құрылысын мердігер «Агроспецстрой» ЖШС-гі жүргізген.

Пайдалануға беріліп отырған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі және арендалық айлық төлем көрсеткіші 5500-6000 теңге көлемінде белгіленген.

Айта кетейік, «Байтерек» мөлтек ауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы 62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал, бүгін ондағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды.