Жамбыл облысы әкімдігінің  бастамасымен аудандарда көпбалалы аналарды демеушілер есебінен баспанамен қамту шарасы Т.Рысқұлов ауданында да өтті,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Сауапқа толы Рамазан айында қайырлы істі бастап, көпбалалы анаға қамқорлық танытқан «Golden compass Jambyl» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Құрбан Изалов мырза мен ұжымдастары көпбалалы ана, 4 ұл,3 қыз өсіріп отырған жан Құрманова Әсел Ертайқызының отбасына Луговой ауылы, Бейбіт Абуталипов көшесінен 15 сотық жер телімі бар, қора жайы, моншасы, ауыз су, бақша суларымен қамтылған 140 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді сыйға тартып, Баспана кілтін тапсырды.Үй толықтай жаңартылып, ағымдағы жөндеу,әрлеу, абаттандыру және газға қосу жұмыстары жүргізіліп, отбасы мүшелерінің тұруына барлық қолайлы жағдай жасалды.

Аудан әкімі Е.С.Садырқұлов көпбалалы ананың отбасын құттықтап, демеуші ұжымға алғысын жеткізді, ауданда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.Отбасының қуанышын бөлісуге жиналған қауым көп болды.
Ауданда 42 елдімекенде 13370 отбасы болса, оның 3492-і көпбалалы отбасылар. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған 1710 ана бар.

Баспана алу кезегіне ауданда 622 адам тіркелсе,оның 100-і -көпбалалы аналар. Атаулы әлеуметтік көмек алушы 1718 отбасы (11437 адам)болса, оның 983-і көпбалалы аналар.Көпбалалы 552 отбасының 880 баласы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылып, жаз маусымында 200 бала тегін демалыс лагеріне жіберіледі. Бұл-ана мен балаларға жасалған қамқорлықтың бір парасы ғана.Аналар мен көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасыларға қамқорлық әлі де өз жалғасын табады.
Қайырымдылық шараға өз үлесін қосқан демеуші Қ.Изалов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Қ.Қ.Бижанов көпбалалы отбасына құттықтау, бата-тілектерін айтса, Әсел Ертайқызы қамқорлық танытқан жандарға, аудан әкімдігіне өзінің шексіз ризашылығын жеткізді.