Тұрар Рысқұлов ауданында он төрт мыңға жуық оқушы оқу жылын аяқтады. Биыл 29 мектепті 596 оқушы бітіріп, оның 501-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген,-деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Олардың 27-і «Алтын белгі» төсбелгісін алудан үміткер болса, 14-і үздік аттестат алды. Аудан мектептерінде 1871 ұстаз қызмет атқарса, биыл  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында  24 жас маман ұстаздар қатарын толықтырды.

Ауданның оқу-тәрбие саласындағы қол жеткен табыстары мен жетістіктері мол. Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы Садырқұлов  ұстаздар мен оқушыларды, мектеп түлектерін құттықтады. Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың есімін иеленген мектепте  1675 оқушы білім алса, оның 66-ы биыл алтын ұя мектеппен қоштасты, 9-сыныптың 103 оқушысы негізгі мектепті аяқтады. 11 –сыныпты 6 түлек «Алтын белгі» төсбелгісімен бітіруден үміткер болса, 9-сыныпта 6 оқушы үздік куәлік алудан үміткер, алдағы мемлекеттік аттестаттау мен ҰБТ сынағына сақадай сай.

Мектеп түлегі Нұрлан Нұргерім облыстағы іргелі оқу орындары ТарМПУ мен ТИГУ ұйымдастырған байқауда осы оқу орындарына түсуге грант иегері атанса, Еркін Байекенов Сүлеймен Демирель атындағы Университеттің 30 % жеңілдігін иеленген.

Кеше ғана мектеп оқушыларының жас театр үйірмесі ұжымы республикалық байқауда облыс намысын қорғап, жүлделі ІІ орынмен оралды. Мектеп ұстаздарының оқу-тәрбие үрдісіне сіңірген еңбегі де зор.