Жамбыл облысындағы жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы «КАЗФОСФАТ»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  «Минералды тыңайтқыштар» зауытының жұмысымен танысты,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған химиялық зауыт ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш шығарады. Президентке өндірістің қазіргі көрсеткіштері мен экспорт көлемін ұлғайту жөнінде есеп берілді. «Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров 2016 жылы зауытты қайта жабдықтау жұмыстары өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басынан бері зауытта 29,1 миллиард теңгенің өнімін өндірілген. Оның ішінде 24 мың тонна азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуық фосфор тыңайтқышы. Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз етумен қатар, Қытай, АҚШ, БАӘ,  Ресей елдеріне экспортталады. Бүгінде  кәсіпорында барлығы 1 мыңнан аса адам жұмыс жасайды.

Айта кетейік, еліміз бойынша Жамбыл өңірі химия саласы дамыған аймақ болып саналады. Өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор. Бұл сала облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі уақытта аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылып жатыр. Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.