ҚР Презинденті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласындағы «Көне-Тараз» тарихи-мәдени орталығына  барды.  Онда «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттармен танысты,- деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Аталған орталықта 20 га алқапта шолу мұнарасы, Достық үйі мен конгресс-холлы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стеласы, «Мыңбұлақ» саябағы, қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар қойылған музей нысаны орналасты. Табылған, қойылған көне заттардың бәрі нақышына келтіріліп салынған және ою-өрнекке бай, әрі қолдан жасалған.Мысалы, алтын және күміс тиындар, қыш ыдыс-аяқтар,  қыш құбыр жүйелері мен өзге ортағасырлық жәдігерлерді атауға болады. Бұл дүниелердің құндылығы мен тарихи байлығына отандық мамандар ғана емес, көрші ресейлік мамандарда  да жоғары бағалаған.

«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы Қазақ хандығының 550-жылдығына орай ашылған, қаланың маңызды орындарының бірі болып есептеледі. Себебі осы жерден шаһардың өткенімен таныса аласыз.

Айта кету керек, аталған орталыққа өткен жылы 145 мыңнан астам турист келген. Ал, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 16 мың келуші бас сұғып, тарихи жәдігерлермен танысқан.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мұнда орталыққа таяу «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде бой көтеретін нысандардың эскиздерімен танысты. Шахристан кешені аумағында алдағы  уақытта көркем сурет галереясы, өлкентану музейі, көрме және руханият орталығы, арбат, қолөнер шеберханасы,  амфитеатр және көлемді сағат стелласы сияқты бірнеше нысандар бой көтермек.  Олардың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырынан басталып та кетті.

Айта кетейік, кешен  құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілгенде тараздықтар үшін тамаша тарту болары сөзсіз. Онда бас сұққан адам бейне бір көне қалашықтардың біріне тап болғандай таңғажайып күй кешеді деп күтілуде. Демек, Тараз тұрғындары мен қала қонақтары енді орта ғасырлық сәулет үлгісін көргісі келсе, Самарқанд асып, Бұқара бармай-ақ, «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне ат басын бұрса да жеткілікті болмақ. Неге десеңіз, аталмыш кешенде бой көтеретін барлық ғимараттар мен нысандардың қас беттері бірыңғай тарихи нақышта әрленбек. Бағаналардың бой көтеріп, қабырғалардың  қалануы  да тарихи шаһардың көне келбетін  айшықтап тұруға, орта ғасырлық сәулет үлгісінің болмысын сезіндіруге бағытталуда. Ол үшін салынатын жобалардың құрылысына «Самарқанд» технологиясындағы арнайы қыш кірпіштер қолданылмақ. Бүгінде мұндай кірпіштерді өндіру еліміз бойынша алғаш рет  Жамбыл облысында қолға алынып отыр.