Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Облыстағы қылмыс көлемін азайту керек.  Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен, соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады.
Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген.
Ұрлық жақсылыққа апармайды!
Бұған тыйым салу керек!
Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет!
Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек.
Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде осы мәселеге қатысты нақты тапсырмалар бердім.
Сондықтан, әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс.
Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет.
Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін.

Облыстағы келесі өткір мәселе – есірткі қылмысының ушығуы. Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда «есірткі бизнесінің» дәурені жүріп тұр. Есірткі сататын «астыртын» жарнамалар қаптап кетті. Тіпті, арнайы сайттар ашылған.Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет!Жол бермеу керек!Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды!Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек! Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.»