2019 жылдың 5 маусымы — Ораза айттың бірінші күні. Осыған орай, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агентігі Қазақстан қалалары бойынша айт намазының уақыттары туралы мәлімет ұсынады. Мәлімет Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтынан (muftyat.kz) алынып отыр.

Нұр-Сұлтан және  Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында Ораза айт намазы оқылатын уақыт сағат 07:00-ге белгіленген. Сонымен қатар, айт намазы Алматы қаласы мен Қызылорда облысында сағат 06:00-де, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарында сағат 06:30 кезінде оқылады. Атап айтқанда, пітір садақасы Рамазан айында, яғни рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет. Егер пітір садақасын бермегендер болса бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруі тиіс. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады. Ораза айтындағы мұсылманның жасауы тиіс амалдар: тәкбір айту, Айт намазын оқу, намазға шығар алдында құрма жеп шығу, жаңа  киім кию, ғұсыл құйыну, әтірлену.

Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды.