Тараз. 23 қараша. 77news — Таразда облыстың барша билік өкілдері жиылды. Мақсат — өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасау, және жергілікті басқаруға енгізілген өзгерістерді талқылау. Әлеуметтік көмек пен халықты жұмыспен қамту бағдарламаларының алдағы жылғы жоспарлары да осы жиында жіпке тізілді.  Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы да кеңейтілген семинар-кеңесте баяндалды.

Басқарма, департамент басшылары мен барша аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін жиған жиын «Достық үйінде» болды. Алғашқы мәселе жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап xалқы 2 мыңнан асатын ауылдық округтердің өз бюджеті болмақ. Ал, қазынаға ауыл әкімі мен апаратының басшысы жауапты деп танылған. Бұдан өзге әлеуметтік төмен топтарға берілетін 3 түрлі мемлекеттік қолдау бұдан былай бір жәрдемақы арқылы берілетін болады. Әрі алдағы жылдан бастап көлемі 25 пайызға артпақ. Жиында облыс әкімінің орынбасары осы мәселелерге әкімдердің жіті қарауын тапсырды.

Әкім қаралар келелі кездесуде «Жаңғырған ауыл» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Құны 404 млн теңге  болатын 4 жобаның 3 жақты меморандумына осы кездесуде қол қойылды. Бағдарлама аясында өз алтын бесігіне көмек қолын созғандардың бірі — Мейрамбек Әліқұлұлы. Т.Рысқұлов ауданының тумасы шарада құны 304 млн теңгені құрайтын балабақшаның  құжатына қол қойып отыр.

Облыстық семинар соңында өңірдің қаржы экономикалық саясаты, әлеуметтік салалар, инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар ауыл шаруышылығы,  кәсіпкерлік, туризм салаларына да баса мән берілді.