Облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтың Меркі ауданындағы жұмыс сапары Жамбыл ауылдық округінен басталды. Округтегі А.Қосанұлы атындағы тірек мектебінің мәжіліс залында тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы ауылдықтардың әлеуетін арттырудың басты бағыттарына тоқталды.Асқар Исабекұлы тұрғындарға тиімді табыс көзіне бейімделудің негізгі тетіктерін түсіндірді.
Бүгінде облыста барлығы 373 елдімекен бар десек, сол елдімекендердің еңсесін тіктеу үшін — әрбір ауылда кооперативтер құрудың маңызы зор. Бұл орайда жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуі арқылы берекеге бастайтын істі ілгерілетуге мол мүмкіндік тумақ. Жем-шөп, тұқым, асылдандыру, өнімді өткеру секілді мәселелерді шешуге жол ашылмақ.


Ауыл маңындағы және әрбір ауладағы суармалы жерлерді ұтымды ұқсату, қолда бар төрт түлікті тиімді табыс көзіне айналдыру — басты мақсат. Ол үшін төмен пайызбен жеңілдетілген несие де берілмек. Бұған қажетті қаражат бюджеттен қарастырылуда.
Сондай-ақ, қарапайым заттар экономикасын дамыту арқылы да жемісті нәтижеге жетуге болады. Мұнда өз кәсібін ашам деушілердің шағын ұтымды жобаларына қолдау білдірілмек.

Бұл жұмыстарды жүйелеу үшін тиісті есептер түзіліп, әр ауылдың дерекқоры құрылып, экономикалық және әлеуметтік төлқұжаты жасалу қажет.
Кездесуде өңір басшысы осы және өзге де қолға алынған шаруалар, жобалар төңірегінде жан-жақты әңгімеледі. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар да көкейлеріндегі түрлі сауалдарын жолдап, өзекті ойларын ортаға салды. Шаруа қожалық иелері жұмыстарын жандандыруға қатысты, көпбалалы аналар әлеуметтік мәселелерін көтерді.


Олардың қатарында өз жұмысының жемісін көріп отырғандар да жоқ емес.
Бұдан соң Асқар Исабекұлы ауданға қарасты Т.Рысқұлов ауылдық округінде де кездесу өткізіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін барлады.
Айта кету керек, дәл осындай форматтағы кездесулер облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат және басқарма басшыларының қатысуымен аудандағы 14 ауылдық округте өтті.
Мұнан соң аудан әкімдігінде жиын өтіп, онда ауыл әкімдерінің есептері тыңдалды.