Облыс әкімінің жұмыс алгоритміне сай өңір басшысы Асқар Мырзахметов пен басқарма басшылары, сала мамандары аудан аумағындағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайымен танысты,деп хабарлайды 77news.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Аудан аумағында «Қарапайым заттар экономикасы» мәселелерін зерделеу және оны іс жүзінде жүзеге асыру, 15 ауылдық округке қарасты 42 елді мекенді аралау барысында барлық округтерде халықпен кездесу жиыны өтті.

Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігімен танысқан Жұмысшы топ мүшелері олар көтерген мәселелерді талқылап, «қарапайым заттар экономикасы» мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Облыс басшысы Асқар Исабекұлы Тереңөзек және Абай ауылдық округтерінде болып, халықпен кездесті, олардың талап-тілек, ұсыныстарын тыңдады.Абай ауылында үй іргесінен мол өнім алып, кәсібін дөңгелетіп отырған Бекназаровтар отбасының іс-тәжірибесімен танысып, көпке үлгі етті.

«-Жаңа Абай ауылдық округінде 20 сотық жерде таңқурай өсіріп отырған кісінің бақшасын көрдік. Ауласын жайнатып отыр. Үйдің іргесіндегі жердің өзін тиімді пайдаланып отырған ол сол жерден жылына 2-3 тонна өнім жинайды. Біз бірінші кезекте үйдің іргесіндегі жерді табыстың көзіне айналдыруды үйренуіміз керек, — деді Асқар Исабекұлы.Өз кезегінде аймақ басшысы ірілендіру, кооперативтер құру, үй жанындағы жерді табыс көзіне айналдыру жайын сөз етіп, аудан əкімі мен ауылдық округтің əкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеп, түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды.


Ауқымды шараның қарапайым халыққа пайдасы мен тиімді жақтары туралы жан-жақты сараптама жасап, түсіндірді.  Ауыл халқының шағын бизнеске бет бұруы мен ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы ауыл әлеуетін дамыту шараларын жоспарлау бойынша нақты тапсырмалар берді.