Фото:Tengrinews

Облыс орталығы Тараз шаһарының шырайын кіргізіп, келбетін көріктендіру мәселесі күн тәртібінен бір сәтке болсын түскен емес. Қазіргі уақытта көптеген қала көшелерінде көше жолдарын, жылу мен газ тарату жүйесін жаңғырту жұмыстары  жүргізілуде. Дегенмен қала ішіндегі жөндеу жұмыстары тұрғындардың еркін жүріп-тұруына, көлік қозғалысына зәредей зиянын тигізбеу керек. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тиянақты тапсырмасына сай жұмыстар қандай деңгейде жүргізілуде. Кемшін кетіп жатқан тұсы бар ма? Болған жағдайда олқылықтың орнын толтыру үшін не істеу керек? Осы мәселелер облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты қаралды.

Басқосуда баяндама жасаған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов келтірген мәліметтерге сүйенсек, жоспар бойынша ағымдағы жылы қалада 9,307 шақырым жер қазу жұмыстары жүргізілу керек екен.  Бүгінге дейін жоспар 79,5 пайызға орындалып,  1, 907 шақырым қалып отыр.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Алдамжаровтың айтуынша жер қазу жұмыстарының кешеуілдеуіне жол көлік қозғалысы айтарлықтай кедергісін келтіріп тұрған көрінеді. Дегенмен кінәліні алыстан іздеудің керегі жоқ екенін айтқан аймақ басшысы жұмысты жүйелеп, туған қаламызға жанашырлықпен қарауға шақырды. Ешқандай кедергі туындатпас үшін мүмкіндікке қарай қажет болса 50-100 жүз шақырымнан қаза отырып, көп ұзатпай құрылыс орнын тегістеп отыру керектігін ескертті.

Ал газ тарату жүйелерін жаңғырту бойынша жоспар 37,36 шақырым болса әзірге 8,86 шақырымға жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Жоспар 73, 3 пайызға орындалып отыр. Осы ретте Асқар Исабекұлы газ құбырынан кейінгі асфальт жолдарын қалпына келтіру жұмыстарында шикілік болмауын қатаң тапсырды. Себебі, салғырт жаслаған жұмыстың зардабын ертең қарапайым халық тартады. Мұнан кейін 99 көше қиылысындағы бағдаршам, жол белгілерін, таймерлерді, аншлагтарды біріздендіру мәселесі қаралды.

Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарға 200,410 миллион теңге қаралған. Мердігер-«Газ-Сервис» ЖШС. Жалпы облыс орталығында 136 көше қиылысы болса,    бүгінгі күнге дейін 89 көше қиылысындағы жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған. Сонымен қатар аймақ басшысы жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына ерекше назар аударып, ретке келтіруге тиісті кемшіліктің көп екенін жеткізді. Мәселен жол белгілерінің дұрыс қойылмайтынын, бағдаршамдар жұмысындағы жүйесіздікті жіпке тізген облыс басшысы облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиевке олқылықтарды ретке келтіруді тапсырды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін жоспарлы жұмыстардың толықтай аяқталуын тапсырып, бас инспекторларға бақылауды жүктеді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Исабекұлы жалқаулыққа салынбай жұмыла жұмыс жасауға шақырып, көтерілген мәселелер бойынша бірқатар жауапты азаматтарға нақты тапсырмалар берді.