Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кітапханаларында цифрландырылған ақпараттық орталықтары ашылып, 76 кітапхана мобильді стандартқа көшіріліп, 92 орталықтар ашылды. Бұл туралы ӨКҚ алаңында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсеналы Бықыбаевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды, – деп хабарлайды “ZhambylNews”

Ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтар бір орталық жүйеге қосылған «cao-zhambyl.kz» сайты арқылы облыстың барлық тұрғындары әр сала бойынша күнделікті тұрмысқа қажетті ақпараттар алуына мүмкіндік жасалған. Бүгінгі күні 6500 анықтама берілген.

Сондай-ақ, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы негізінде Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ашық кітапхана – адал оқырман» жобасы қолға алынып, «Ашық кітапхана» – кітапханашысыз кітапхана залы жұмыс жасайды.

Ал облыс архивтерінде 4519 қорда 921 619 сақтау бірлігі жинақталды.

“Архив құжаттарының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыстағы мемлекеттік архивтермен 121 882 сақтау бірліктің 11 545 210 парағы электрондық форматқа көшірілді”, – дейді Дүйсеналы Дыбысалыұлы.

Бұған қоса, 3 мамырда «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты халықаралық конференция өткізілді. Сонымен қатар, «Тараз мұралары» сериясымен көптомдық кітаптар шығару бағытында 2 жұмысшы топ жұмыс жүргізуде.

Яғни, біріншісі өңірдің тарихын зерттеуге бағытталған «Тарихи танымдылық ғылыми-зерттеу» жұмысшы тобы болса, екіншісі «Халық шығармашылығы» тобы.

“Тарихи танымдылық ғылыми-зерттеу» тобы өңірдің тарихын көне дәуірден бастап қазіргі тәуелсіздік уақытына дейінгі кезеңдегі тарихын зерттеп, зерделеп, бұрын соңды жарық көрмеген, ғылыми айналымға еңгізілмеген тың тарихи архив деректерін хронологиялық жағынан топтастырып, барлығы 15 том баспаға дайындап отыр”, – дейді Дүйсеналы Бықыбаев.

Айтуынша, екінші жұмысшы тобы – Жамбыл облысы халық шығармашылығы бағыты бойынша тарихи аңыздар мен мифтер, топонимдік аңыздар, тарихи, аңыздық жырлар, айтыстар, шешендік сөздер, басқа да халық фольклоры салаларының түрлері қамтылған.