Фото:ZhambylNews

Ауыл-аймақтағы әлеуметтің әлеуетін арттыру – жергілікті биліктің назарында. Аймақ басшысы бекіткен жұмыс алгоритміне сай әрбір елдімекенде әкімдер зерделу жұмыстарын жүргізіп, әр азаматтың хал-ахуалына, даму  мүмкіндігіне сараптама жасалу қажет. Аталған мақсатты орындау үшін қызметіне қайта кіріскен аймақ басшысы өңірдегі барлық аудан-ауылдарды аралауға шықты. 77News тілшісі де осы сапардағы жұмыс тобының қатарында болып, сайт оқырмандары үшін әкім іс-сапарының хронологиясын ұсынады.

Облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтың Меркі ауданындағы жұмыс сапары Жамбыл ауылдық округінен басталды. Округтегі А.Қосанұлы атындағы тірек мектебінің мәжіліс залында тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы ауылдықтардың әлеуетін арттырудың басты бағыттарына тоқталды.

Бүгінде облыста барлығы 373 елдімекен бар десек, сол елдімекендердің еңсесін тіктеу үшін — әрбір ауылда кооперативтер құрудың маңызы зор. Бұл орайда жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуі арқылы берекеге бастайтын істі ілгерілетуге мол мүмкіндік тумақ. Жем-шөп, тұқым, асылдандыру, өнімді өткеру секілді мәселелерді шешуге жол ашылмақ.

МЕРКІГЕ САПАР

Ауыл маңындағы және әрбір ауладағы суармалы жерлерді ұтымды ұқсату, қолда бар төрт түлікті тиімді табыс көзіне айналдыру — басты мақсат. Ол үшін төмен пайызбен жеңілдетілген несие де берілмек. Бұған қажетті қаражат бюджеттен қарастырылуда.
Сондай-ақ, қарапайым заттар экономикасын дамыту арқылы да жемісті нәтижеге жетуге болады. Мұнда өз кәсібін ашам деушілердің шағын ұтымды жобаларына қолдау білдірілмек. Бұл жұмыстарды жүйелеу үшін тиісті есептер түзіліп, әр ауылдың дерекқоры құрылып, экономикалық және әлеуметтік төлқұжаты жасалу қажет.
Кездесуде өңір басшысы осы және өзге де қолға алынған шаруалар, жобалар төңірегінде жан-жақты әңгімеледі. Өз кезегінде жергілікті тұрғындар да көкейлеріндегі түрлі сауалдарын жолдап, өзекті ойларын ортаға салды. Шаруа қожалық иелері жұмыстарын жандандыруға қатысты, көпбалалы аналар әлеуметтік мәселелерін көтерді. Олардың қатарында өз жұмысының жемісін көріп отырғандар да жоқ емес.

Бұдан соң Асқар Исабекұлы ауданға қарасты Т.Рысқұлов ауылдық округінде де кездесу өткізіп, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін барлады. Айта кету керек, дәл осындай форматтағы кездесулер облыс әкімінің орынбасарлары, аппарат және басқарма басшыларының қатысуымен аудандағы 14 ауылдық округте өтті.

ҚОРДАЙ АУДАНЫНА САПАР 

Кіріс-шығысы, алыс-берісі көп Қордай ауданының бүгінгі  әлеуеті қандай? Ауданға қарасты  19 ауылдық округтің аxуалы нешік? Тұрғындардың тұрмысын түзеп, жағдайын жақсартудағы жұмыстар қай деңгейде атқарылып жатыр? Аймақ басшысы жүктеген xаттамалық тапсырмалардың орындалуы көңіл көншіте ме?   Ауданға арнайы барған өңір басшысы  Асқар Мырзаxметов бастаған жұмыс тобы осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Бұл Қордайдағы  жұмыс сапарын облыс әкімі  Сарыбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден бастады. Елдімекенде бүгінде бас-аяғы 7785 xалық тұрады. Сондай-ақ, 1278 аула бар. Ондағы жер көлемі 153 гектарды құрайды. Мұның 36 гектардан астамы бау-бақша мен көкөністерге негізделген. Ал қалғаны тұрғын үй, қора-жай құрылысына тиесілі екен. Алайда, ауылдағы  қосалқы шаруашылықтарға тиесілі 36 гектар жер тиімді игерілмей отыр. Бұл бір. Екіншіден, қолдағы  төрт түлікті де тиімді табыс көзіне айналдыра алмай келеді. Бұл істе бірқатар кедергілер де жоқ еместігі анықталды. Сондықтан  аймақ басшысы олқылықты оңалтатын оң шешім ұсынды. Яғни, халықтың тиімді табыс көзіне қол жеткізуі үшін  ауылдықтардың кооперативке бірігуі маңызды деп атады. Осы  арқылы теxника, маман тапшылықтарын, тұқым, өнімді өткеру  мәселелерін де оң жолға қоюға болады.

Айта кетейік, Қордай ауданындағы елді мекендердің барлығында дәл осындай форматта кездесулер өтті. Онда облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшыларынан құрылған жұмысшы  топ өкілдері зерделеу жұмыстарын жүргізді. Ал аймақ басшысының жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Асқар Исабекұлы өз сөзінде әрбір ауылдың экономикалық дерекқорын құру мен әлеуметтік төлқұжатын жасаудың маңыздылығына тоқталып, елдімекендер маңындағы және үй іргесіндегі жерлердің игерілу жағдайын сұрады. Өз кезегінде, ауыл әкімдері сөзден сүрініп, нақты мәліметтерден мүдірді. Санақ жұмыстарының сылбыр, түгендеу шараларының мардымсыз жүргізілгенін көрсетті. Оларға нақты жауаптар беріліп, мәселелерін шешу бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді. Ал ауыл әкімдері жұмыстарына немкеттілікпен қарағанын мойындап, облыс әкіміне уәде берді.

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНА САПАРЫ

Жамбыл ауданында 17 елдімекен бар. Жалпы 82 мыңнан аса халық ауыл-аймақта тұрады. Сол жұртшылықтың тұрмыс сапасын арттыруда  — ауыл шаруашылығы кооперативін құру маңызды.  Әсіресе, шаруашылықтардың бірігуі халықты береке мен бірлікке бастайды. Яғни, бірлесіп атқарған жұмыстың  нәтижесі   малды асылдандыруға, жем-шөпті, тұқым және дайын өнімді тұрақты бағада сатуға мүмкіндік  бермек. Ал халықтан күтілетіні тек, ауладағы суармалы жерін ұтымды пайдалау.  Қорасындағы төрт-түлігін табыс  көзіне айналдырса болады. Ол үшін несие беруде қаралып отыр. Өз кезегінде,  ауыл тұрғындары билік қолдау  көрсетсе, тірліктен қашпаймыз деп отыр.

Жұмыс сапары  барысында аймақ басшысы аудан активімен  жүздесті.   Алдымен ауылдық округ әкімдерінің   есебі тыңдалды. Бұған қоса, жұмыс   тобы зерделеу жұмыстарының   нәтижесін  баяндап берді. Анықталғандай, ауыл әкімдері санақ жұмыстарына келгенде, бірқатар  кемшіліктерге жол берген.  Тіпті, халық арасында түсіндірме жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген.  Сондықтан Асқар Исабекұлы мәселенің  одан әрі  қордалануына жол бермей, кем-кеттіктердің алдын алуды қатаң ескертті.

Жиын соңында  Асқар Исабекұлы халықпен пікір алмасты. Жұртшылықты бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, мемлекет берген мүмкіндікті пайдалануға шақырды. Осылайша  ауыл халқының тұрмысын түзеп, әлеуетін  арттыру көзделуде. Ал, берілген тапсырмалар мен межелі міндеттер тікелей облыс әкімінің назарында болмақ.

Т.РЫСҚҰЛОВҚА САПАР

Облыс әкімінің жұмыс сапары Т.Рысқұлов ауданында жалғасын тауып, түйіні шешілмеген мәселелер майшаммен қаралды.

Асқар Мырзахметов алдымен Тереңөзек, Абай ауылдық округтеріне барды. Мұнда  шағын ғана ауласынан-ақ пайдаға кенеліп, нәпақасын тауып отырған азаматтың шаруасын көрді. Абай ауылының тұрғыны Орынбай Бекназаров отыз жылдан бері таңқурай өсірумен айналысады. Жыл өткен сайын тірлігі тіктеліп келеді.  Небәрі жиырма бес сотық жерден түсетін өнім көл көсір. Мың жарым түп таңқурайдан бір жинағанда 3 млн теңгеге дейін табыс табады. Шаруасын дөңгелетіп отырған қарапайым ғана тұрғынның бұл ісін өңір басшысы көпке үлгі боларлық іс деп жоғары бағалады.

65 мың халқы бар Т. Рысқұлов ауданында 13 жарым мың аула бар. Солардың 6188-і, яғни тек жартысы ғана мал шаруашылығымен айналысады,  1228 гектар егістік бағытындағы жер телімі бар. Бірақ осы үй іргесіндегі мыңдаған гектар алқап пайдаланусыз жатыр. Ел тұрмысын түзеудің бір жолы – кооперативтер құру, шағын қосалқы шаруашылықтарды біріктіру екендігін айтақн облыс әкімі, әлі де болса, ауыл әкімдерінің жұмысын ширатуды тапсырды.  Ауылдағы әр тұрғынның пікірі маңызды. Олардың айтқан ұсыныс-тілектері негізінде әкімдік қорытынды шығармақ. Қолдау көрсету бағытындағы шараларды түзуді қолға алмақ.

САРЫСУҒА САПАР

Аймақ басшысы аудан халқымен кездесіп, табысқа кеңелудің негізгі тетіктерін жан-жақты түсіндіріп берді.  Ал бұл істе Сарысу ауданында оң көрсеткіштер байқалады. Яғни, аудан жұртшылығы қорадағы төрт-түлігінінің  санын еселеп, ауласындағы бос жатқан жерін тиімді пайдалануға білек сыбана кірескен.

Сарысу ауданының тұрғыны Абай Көшекбаев ауласындағы бос жатқан жерін тиімді пайдаланған азаматтың бірі.   Есік алдынан мал бордақылау кешенін ашып, бүгінде жолдасы  екеуі табысқа кенелуде. Үш баланың ата-анасы алдағы уақытта төрт-түлік санын еселеп, ауыл халқын ет және сүтпен қамтамасыз етуді мақсат тұтқан.  Қазірдің өзінде  күніне  15 литр сүт сауып,  бұл отбасы айына 20-30 теңге көлемінде табыс табады. Алдағы уақытта  кәсіпкер ауыл халқымен бірлесе кооператив құрып,  аудан әлеуетін арттырмақ.

Сарысу ауданы – түйе асырауды ата кәсіпке айналдырған. Қазіргі уақытта елдімекендердің барлығында дерлік  тұрғындар үйлерінде  түйе асырайды. Өз кезегінде ауыл халқы таза шұбат өндіріп, түйе  санын арттыруды мақсат еткен.  Мәселен, Жайылма   ауылының тұрғыны Мұрат Сайлауов түйені күтіп-баптап, шаруашылықпен айналысып келеді.  Қазір қорасындағы 8 түйесі молынан сүт беріп, халықтың сұранысына ие болған.

Өз кезегінде, аймақ басшысы аудан,ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Айталық, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп,  қосалқы шаруашылықтың  маңыздылығына мән беру керектігін ескертті. Ендеше, маңызды талап бар, тек іске асыру ғана қалды.  Өйткені, біз тұтынып отырған өнімдердің 70%-ы дәл осы қосалқы шаруашылықтың арқасында өндіріліп отыр. Сондықтан кәсіптен нәсіп іздеген ауыл тұрғындарына еш кедергі жоқ, билік тарапынан қолдау ғана бар.

ТАЛАСҚА САПАР 

Қазір Асқар Мырзахметов қойып отырған басты міндет —  үй іргесіндегі алақандай ауланы табыс көзіне айналдыруға болатынына көптің көзін жеткізу. Бар күш-жігерді солай қарай бағыттау. Осы мақсатпен өңір басшысы жұмыс сапарымен Талас ауданына шығып, ауданның бүгінгі хал-ақуалымен танысты.

Жамбыл облысында  1 миллион 300 мың адам тұратын болса, оның 60 пайызы ауылды жерде қоныстанған. Ал қойылып отырған талап әр ауылдық округтің әкімі елді мекенде есеп жүргізу. Оның міндеті аула, мал-жан санағын жалаң анықтау емес, кімге не қажет екенін сараптап, нақты білуі тиіс. Бұл жұмыстардың барысын өңір басшысы ауылдарды аралап, танысу барысында тұрғындарға барынша айтып, түсіндіруде.

Асқар Мырзахметовтің ауданға іс-сапары қорытынды жиында түйінделді. Жиында жұмыс топтарының жетекшілері есеп берді.  Өз кезегінде, аймақ басшысы ауыл тұрғындарының  кооперативке бірігуі табыс көзінің тиімді тетігі екені айтылды. Яғни, бірлескен істе береке бар.   Сондықтан кооперативке бірігу ауыл халқын байытатын жалғыз жол. Ал бұл істе Асқар Мырзахметов аудан және ауылдық округ әуімдеріне жұмысты тағы да пысықтап шығуды тапсырды.

БАЙЗАҚ АУДАНЫНА САПАР

Байзақ ауданындағы жұртшылық  ауласындағы жерін  қаншалықты тиімді  пайдалануда? Табыс көзіне қол жеткізуде кедергілер бар ма? Осыны білмекке Асқар Мырзахметов ауданға арнайы жұмыс сапарымен  барды.  Жұртшылықпен тілдесті. Сауалдарына жауап берді.

Ауданда қосалқы шаруашылықтың табыс көзі  екенін ерте бастан ұғынып, тірлігін тіктеген азаматтар баршылық.  Солардың бірі — Мейденалы Ағалиев. Алақандай ауласында  көкеністің барлық  түрі өсіп тұр. Өрік ағаштары  да жемісін бере бастаған. Бүгінде ауыл азаматы шарбағындағы қияр мен сәбізін  күнделікті тұтынып,  артылғанын  базарға шығарып отыр. Бұған дейін, бақшасын ағын сумен суарып келген ол, биыл  тамшылатып суару жүйесін енгізіпті.   Нәтижесінде, науқан кезінде 2 есе көп  өнім алмақ ниетте. Мейденалы Ағалиев күш-жігер бар, тек еңбек ету керек екенін айтады.

Байзақ ауданында халықтың аула іргесін тиімді пайдалануға, төрт-түлігін еселеуге мол мүмкіндік бар.  Бір жағынан аудан қалаға іргелес орналасқанын  ескерген жөн.  Тек  қолдау бар да, іске көшкен жөн. Бұл орайда, жергілікті атқарушы билікке артылар сенім мол. Өз кезегінде, Асқар Исабекұлы жиын қорытындысы бойынша  әрбір істің сұрауы болатынын баса айтты.  Сондықтан  аймақ басшысы  ауданның әлеуетін арттырамыз десек, істі бүгіннен бастау керектігін ескертті.

ШУҒА ІС-САПАР

Ал Шу ауданына барған Асқар Мырзахметов ауласындағы бос жатқан жерін тиімді пайдаланған азаматтармен кездесіп, олардың қажеттілігін тыңдады.   Бұдан бөлек, халықпен кездесіп, ауыл әлеуетін көтеретін негізгі тетіктерді түсіндіріп берді.

Ауылдағы ағайын арасында табыстың көзін алыстан емес, ауласынан тапқандар бар. Бірі  есік алдындағы  бос жатқан жеріне көкөніс  ексе, бірі төрт-түлігін баптап, санын арттыруда. Ал Бірлікүстем ауылдық округінің тұрғыны Дарын Қожаевтың ауласындағы  бастамасы көпке үлгі. Өйткені,  оның 25 соттық жерінде көкеністің  барлық түрі өсіп тұр.  Ол қызанақты молынан алу үшін жоғары сұрыпты голландиялық тұқымды егіпті. Қазірдің өзінде алғашқы өнім алынып, халық арасында сұранысқа ие болуда.  Өз кезегінде, Дарын Қожаев облыс әкімінің оң бастамасын қолдап, мемлекеттен көмек алмақ ниетте.   Яғни, ауласынан қосымша жылыжай соғып,  ауыл әлеуетін арттырсам, — дейді. Осылайша, ауылдың азаматы тірлігін тіктеп,  отбасын асырауды коздеп отыр.

Аудан тұрғыны Нұрзат Қошқарбаевтың бастаған ісі ерекше. Өйткені, үй іргесінен  құм блогы мен бурчатка шығаратын  шағын зауыт ашқан. Еселі еңбектің нәтижесінде қазіргі таңда жер төсеніштерінің 6 түрін нарыққа шығарып отыр.  Сапасы жоғары. Сондықтан тапсырыс берушілердің де қатары артқан. Алдағы уақытта кәсіп иесі ісін кеңейтуді қолға алғалы отыр.

Айта кетейік, қосалқы шаруашылықпен айналысу, кооперативке бірігу ауыл әлеуетінің артуына сеп болары сөзсіз. Алайда, Шу ауданында бұл істе кемшіліктер байқалады. Яғни, жергілікті атқарушы билік іске келгенде немкеттілік танытқан. Санақ жұмыстарында да қателіктерге жол берген. Сондықтан Асқар Исабекұлы бұл іске келгенде ортақ түсінік қалыптасу қажеттігін ескертті. Сондықтан   ауыл әкімдеріне ескерту беріп, кемшіліктерді түзеуді тапсырды.